Ақтөбелік шаруалар Ресейдегі карантин салдарынан «Сыбаға» бағдарламасының шарттарын орындай алмай отыр
Ірі қара мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруалар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4-16% жеңілдетілген несие алып, облыстағы мал басын көбейтуде.
Бағдарлама бойынша несие алушы бұқаны асыл тұқымды мал ретінде сатып алуы қажет деген шарт қойылған. Бұған дейін шаруалар асыл тұқымды малды бағасы өзге жерлерден арзанырақ әрі климаттық жағынан қолайлы Ресей Федерациясының Ақтөбе облысына жақын облыстарынан сатып алып келген. Осы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Ақтөбе филиалына жалпы сомасы 1,279,6 млн теңге тұратын 2421 ірі қара мал сатып алуға 50 шаруа қожалығынан өтініш түскен. Бүгінгі таңда 44 қожалықтың өтінімі мақұлданды және 41-не 1828 бас импортталған ірі қара мал сатып алуға несие берілді (898,3 млн теңге).
Алайда несиені бекітілген мерзім ішінде игеру бүгінгі таңда мүмкін болмай отыр. Өйткені биылғы шілде айынан бастап, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясының бірқатар облыстарынан (Орынбор, Саратов, Самара, Қорған, Челябі қалаларынан) әкелінетін ірі қара және басқа жануарларды нодулярлы дерматит және аусыл ауруларына бейімдігі байқалғандықтан уақытша шектеулер енгізген болатын (Ресей Федерациясының карантинге жабылған облыстар тізімі ұлғаюда). Бірқатар фермалар қазірдің өзінде Ресей Федерациясының мал шаруашылықтарымен алдын-ала келісім жасасқан, алайда шектеулерге байланысты олар малдарын әлі де әкеле алмай отыр. Сонымен бірге, Қор несиелер бойынша сыйақылар бөліп үлгерген және берілген қарыз қаражатының уақытында игерілуі қадағаланады. Осыған орай кәсіпкерлер несие қаражатын игеру мерзімін ұзартуды немесе РФ карантинге жабылған аудандардан бөлек жерлерінен мал әкелуге рұқсат берілуін сұрайды. Бұл мәселе Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысында талқыланды.
Келесі қаралған мәселе кәсіпкер К.А.Алтаякованың сауда повильондарын орналастыру үшін қала әкімдігінен жалға алған жеріне қатысты болды. Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан сауда нүктесіне арналған орынға уақытша меншік ету туралы өтінішін алғашында қанағаттандырған «Жер қатынастары» бөлімінің мамандары кейін одан әртүрлі себептермен бас тартады. Айтуларынша оған сол жерге балаларға ойын алаңын салу туралы кондоминимумнан өтініш түскен екен. Кәсіпкер өз қаражатына аталған жерге ойын алаңын салуға әзір. Кеңес мүшелері бұл жерде кәсіпкердің құқына нұқсан келтіретін деректердің байқалатынын айтып, аталған орынға жеке барып, тексеретіндіктерін мәлімдеді.
Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің шешімімен көрсетілген мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының және РФ Ауыл шаруашылығы министрліктерімен тиісті келіссөздерге қол жеткізу мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына өтініш жіберіледі, сондай-ақ, К.А.Алтаяковаға «Ақтөбе облысының жер қатынастары бөлімі» ММ аталған қаулысының күшін жою бойынша құқықтық көмек көрсетілмек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: