«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жекеменшік балабақшалар арасындағы үздік тәрбиеші анықталды

2018 жылғы 14 Қараша
- Ақтөбе облысы
3644 просмотров

Бүгін қаламызда алғаш рет жеке балабақшалар арасында «Жыл тәрбиешісі» байқауы өтті.

Байқау «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және «Қазақстандағы мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығы» Ақтөбе филиалы ұйымдастырды. Шараға қаладағы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың 15 тәрбиешісі қатысты. Олар таныстыру, көрнекі сабақ және өнер көрсету сайыстары бойынша бақ сынасты.

«Жекеменшік балабақшалар облыста өткізілетін байқаулардан тыс қалып жатады. Біздің балабақшаларда да білікті мамандар қызмет ететінін көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар мұндай шаралар мектепке дейінгі білім сапасын арттыруға және өзара тәжірибе алмасуға көмектеседі. Бүгін менің ойымша жеке балабақшалардың кәсіби деңгейін анықтайтын боламыз»,-дейді «Ақтөбе облысының жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығының» төрайымы Наталья Каюдина.

Сайысқа қатысушылар ән айтып, би биледі, ұсынылған тапсырмаларды орындауда белсенділігімен ерекшеленді. Сонымен қатар олар оқу-әдістемелік бағдарламалар туралы сұрақтарға жауап берді.  Тәрбиеші апайларына кішкентай бүлдіршіндер де көмектесіп, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау шартына сай олардың тәрбиеленушілермен қарым-қатынас орната білу шеберліктері де есепке алынды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша

1-ші орынды – Қартбаева Жұлдыз Бақытжанқызы – «Ақ еркеш» жеке балабақшасының тәрбиешісі

2-ші орын – Тышимова Айнұр Тынымбергенқызы – «Дони» жекеменшік бақшасының тәрбиешісі

3-ші орын – Рейх Александра Эрвиновна -  «Кен и барби» балабақшасының тәрбиешісі иеленді.

 

«Мұндай байқаулар шығармашылықты шыңдауға, кәсібіңді құрметтеуге және алға ұмтылуға ынталандыру үшін өте қажет. Бала тәрбиесі – ортақ жұмыс болғандықтан, тәрбиешілердің еңбегіне осындай жолмен болса да назар аудару-құптарлық іс. Бүгінгі қатысушылардың деңгейіне көңілім толды. Алдағы уақытта байқаудың көлемін ұлғайтып, облыс көлемінде өткізуді ұсынамын»,-дейді байқауға қазылық еткен өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрлан Махамбетов.

Айта кетсек, Ақтөбе қаласында барлығы 86 жеке мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Олардың 30-ы «Қазақстандағы мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығына» мүшелік етеді. Қауымдастық балабақшаларды қаржыландыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, тәрбие саласындағы жаңа бағдарламалар бойынша дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, сайыстар ұйымдастырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер