«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысында «Бастау» жобасы қорытындыланды

2018 жылғы 28 Қараша
- Ақтөбе облысы
1119 просмотров

 Бүгін Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бастау» жобасының 71 түлегі өз бизнес жоспарларын қорғады. Бұл - осы жылғы жобаның соңғы 6-легі бойынша кәсіпкерлік білім алған жандар.  Осы топта облыс бойынша 580 адам оқыған. Бастапқыда кәсіпкерлік оқуларын ауыл адамдарының арасында өткізу көзделген болатын, алайда биыл олардың қатарына 109 қала тұрғыны да қосылды. 

Бағдарлама бойынша кәсіпкерлік білім алған жандардың бірі - Ақтөбе қаласы маңындағы Қурайлы елді мекенінің тұрғыны Ерлан Айтекенов. Осыған дейін ол қаладағы көлік жөндеу станцияларында механик болып жұмыс жасапты. «Бастау» жобасы арқылы бизнесті жүргізуді үйренуге болады дегенді естіп, кәсіпкерлік сабақтарына қатысуды ұйғарыпты. Жақын арада өз ауылында жол бойындағы көлік жөндеу қызметін ашпақ. Бүгінгі күні жоба жаттықтырушыларының көмегімен бизнес-жоспар жасап, мемлекеттен көлік жөндеу кешенін салуға арналған жер телімін алды. Бағдарлама көмегімен құрылыс жұмыстарына «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» 6 млн теңгені  6% несиемен алуды жоспарлап отыр.

 «Кәсіп бастаудың өзіндік қыр-сыры жоқ емес екен. Жергілікті жердегі бизнес ахуалды зерделеп, жеке кәсіпкерлікке тіркелуден бастап, салық төлеу шарттары туралы біраз мағлұмат алдық. Өз орталығымды ашсам деймін. Бизнес білімін алған жандарға кәсіп бастаудың қиын емес екеніне көзім жетті. Келешекте кәсібімді кеңейтіп, жол бойындағы кемпинг ашу жоспарымда бар», – дейді болашақ кәсіпкер.

Биыл облыстағы 12 аудан бойынша  бизнес сабақтарына барлығы 2 231 адам оқыған. Жоба бойынша 6 топ 1 айлық кәсіпкерлік курстарынан өтті. Олардың 416 –сы мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 966 646 000 теңге көлемінде несие рәсімдеді. Сонымен қатар, «Бастау» жобасын бітірген 81 тыңдаушы бір реттік арнайы грант иеленді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау» жобасы биылғы жұмысын тәмамдады. «Бастау» бойынша бизнес ілімдерін оқуға сұраныс көп болды, сондықтан биыл қала тұрғындарын да оқыту қолға алынды. Жоба бойынша қатысушылар кәсіпкерліктің 12 модулі бойынша оқытылды»-дейді жобаның Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісі Диана Жұмабаева.

 Еске салсақ, «Бастау» жобасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында жүзеге асырылуда.

                                                                                                                   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер