Ақтөбе кәсіпкерлері мәселелерінің 84%-ы оң шешілген
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің жұмысы қорытыланды
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің биылғы жылы өткізген отырыстарында қаралған мәселелердің 84%-ы оң шешілген.
Бүгін Өңірлік кәсіпкерлер палатасында аталған кеңестің 2018 жылдың 11 айы бойынша атқарылған жұмысы талқыланып, нәтижелері қорытыланды.
ӨКП директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Руслан Күйшіновтың мәліметінше, кеңесте барлығы 19 мәселе қаралып, оның 16-сы оң шешімін тапса, 3 өтініш бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кеңес қараған мәселелердің көпшілігі жүйелі сипатқа ие және оларды шешу тек қана өтініш білдірген адамдарға ғана емес, сонымен қатар өз қызметін сол салада жүзеге асыратын кәсіпкерлерге де оң ықпалын тигізеді. Мысалы: 50 шаруа қожалығының басшысы кеңеске 2018 жылдағы қосымша норматив талаптарына сай селекциялық асылдандыру жұмысы.бойынша субсидияның төленбеуі туралы ұжымдық өтінішпен жүгінген болатын.Бұл мәселе Кеңес шешімі бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бақылауында болды. Кеңестің шаруа қожалықтарының өтінімін қарау нәтижелері бойынша бұл мәселе оң шешілді. Басқарма ұсынған ақпаратқа сай, қазіргі кезде 658 шаруа қожалығына 370,96 млн. теңге көлемінде субсидия төленді.
«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қорғау қызметін табысты жүзеге асырып отыр. Өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтық қорғау мәселелерін жедел және жүйелі шешу және оны қоғамда көрініс табуында Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің қызметін атап өткен жөн. 2018 жылдың 11 айы бойынша Кеңестің 10 отырыс жүргізілді, оның 1-уі Ақтөбе облысының Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп өткізілді. Кеңесте қаралған мәселелердің 84% оң шешілді», – дейді Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Руслан Күйшінов.
Биылғы жылы ақырғы рет өткізіліп отырған кеңес отырысында Ақтөбедегі «Көшедегі саудаға арналған 250 орын» жобасының жүзеге асырылу мәселелері көтерілді. Тарқатып айтсақ, стационарлы емес сауда орындарын үлестіру процесі кезінде сауда орындарының мекен-жайы көрсетілгенімен, ауданы және орын саны белгіленбейтіндігі, шағын кәсіпкерлік субьектілері үшін жалға беру құнының жоғарылығы, ауданы жеткіліксіз жер учаскелерінің берілуі, коммуникация (су құбырын, электр, канализация) жүргізудегі қиындықтар секілді кәсіпкерлерге кедергі келтіретін бірнеше мәселе анықталды. Сонымен қатар, «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ-нің жаңадан бастаған кәсіпкерлер мен шағын кәсіпкерлік субьектілері үшін жалға беру құны жоғары (1 шаршы метрін жалға алғаны үшін бюджетке 10 теңге 13 тиын төлейді; ал ӘКК-де 1 шаршы метрі — 13 000 теңгеден бастап 17 000 теңгеге дейін) болып отыр. Бұл жағдай кәсіпкерлердің көшедегі сауда учаскелеріне қол жеткізуде қиындық келтіруде. Кеңес мүшелері жиынға қатысқан ЖАО мен жоба үйлестірушісі «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ-осы жағдайды ретке келтіруді сұрай отырып, аудандардағы сауда орнын бөлу жұмыстарына баса назар аударылу керектігіне тоқталды.
«Облыс орталығындағы жағдай осылай болса, аудандардағы хал нешік? Шағын кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасалу керек. Өйткені, үлкен бизнес осы шағын кәсіптен құралады. Сонымен қатар, жерді бөлген кезде оның инфроқұрылымы жүргізілген, орналасқан жері қолайлы болуы қажет. Әзірге, берілген жерлер бұл талаптарға сай емес. Сапалы, әдемі сауда орындарын елімізді шет елдерге насихаттау құралы десек те болады»,-дейді кеңес мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Асқар Садықов.
Кәсіпкерлер палатасы аталған мәселелерді қалпына келтіру және Басқарма Төрағасы А.И.Мырзахметовтың ҚР Үкіметі отырыстарында көтерген Жол картасының 3.1. тармағын жүзеге асыру туралы бастамалары бойынша «Ақтөбе» ӘКК», Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы және Жер қатынастары бөлімімен бірігіп жұмыс істейтін болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: