«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қытайлық инвесторлар ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті

2019 жылғы 05 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
1224 просмотров

Бүгін Кәсіпкерлер палатасында Қытайдың Тяньцзин қаласының мемлекеттік ет өнімдері корпорациясы өкілдері жергілікті шаруалармен кездесті

Басқосуға қытайлық Xinjiang Sunshine International Trading Ltd компаниясының басшылары мен аймақтағы мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін «Тандем», «Жаңа тұрмыс» және «Жантізер» серіктестіктерінің өкілдері өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жиынды Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов ашып, жобаның маңыздылығына тоқталды. Қытай инвесторлары өңірімізде ет өнімдерін сатып алып қана қоймай оны өндіруді көздейтінін жеткізді. Атап айтқанда, олар асыл тұқымды мал басын көбейтіп, ет комбинатының құрылысын бастау үшін 20 млн АҚШ долларын бөлуге әзір.

«Біз бұл жобамызды Пекин қаласында Ақтөбе басшылығымен бірігіп өткізген форум аясында жүргізіп отырмыз. Ақтөбе облысы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Негізінен, ет өнімдеріне, соның ішінде, қой және сиыр етіне басымдық беріледі. Жылына 5 мың тонна қой еті мен сонша сиыр етін сатып ала аламыз. Жоба осы жылы жүзеге асырылуы тиіс», – дейді Xinjiang Sunshine International Trading Ltd компаниясының бас директоры Lei Jun мырза.

 Қытайлық инвесторлардың айтуынша, бүгінгі күні жергілікті билікпен арада осы мақсатқа байланысты жер бөлу туралы келіссөздер жүріп жатыр. Алдағы уақытта шетелдік корпорация  мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару үшін Ақтөбе облысында ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарын құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, мал басын көбейту мен асылдандыруға да мән беріледі. Кәсіпкерлер бұл ұсыныстың тиімді тұстары бар деп есептейді.

«Бұл жоба мемлекет үшін де, кәсіпкерлер үшін де тиімді болары сөзсіз. Қытайлық компаниялардың бөлгелі отырған инвестициясын пайдалану керек деп есептеймін. Бұл мемлекеттің жыл сайын бөліп отырған субсидия, несие үшін беретін қомақты қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар, мұндай кездесулер арқылы шетелдік сатып алушылармен делдалдарсыз тікелей байланыс жасайтын боламыз деп ойлаймын»,– дейді «Жаңа тұрмыс» ЖШС басшысы Марат Кубиев.

Кездесу нәтижесінде тараптар келісім-шарт талаптарын талқылау үшін байланыс нөмірлерімен алмасты. Сонымен қатар, қытайлық инвесторлар алдағы күні «Актеп» ЖШС және «Рамазан» ұн комбинатының жұмысымен танысатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер