«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Колледж студенттері кәсіп ашудың жолдарын үйренді

01 Ақпан 2019 - Ақтөбе облысы
561 просмотров

 Ақтөбе гумманитарлық колледжінің студентері кәсіп ашудың құпияларын білуге мүмкіндік алды. Бүгін олар Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановпен болған кездесу барысында кәсіп игеруге қатысты сұрақтарын қойды.

Бизнес-тренинг ашық әңгіме түрінде өтті. Сұхбат колледж студенттерінің кәсіп ашуды неден және қалай бастау керек, қандай кәсіп ашқан тиімді деген сауалдары төңірегінде өрбіді.  ӨКП басшысы жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуден қорықпауға кеңес берді және мақсатқа жету жолдары мен тәжірибелерімен бөлісті.

«Жастық шақ – адам өміріндегі ең шешуші кезең деуге болады. Өмір бір орнында тұрмайды. Кәсіп ашуға ыңғайлы уақыт ол –дәл қазіргі кез. Сондықтан, алтын уақыттарыңызды бос жібермей, қоғамнан өз орындарыңызды алуға асығыңыздар»,– деді Палата басшысы.

Сонымен қатар, «Атамекеннің» басшысы бизнес бастамасы бар жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер жөнінде айтып берді. Айталық, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап, 18 бен 29 жас аралығындағы белсенді жастарға арналған «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаға қатысушылар бизнесті басқару теориясы мен тәжірибесіне үйреніп, оқу аяқталған соң, өз бизнес-жоспарларын қорғайды. Ең үздік бизнес-жобалар микроқаржы ұйымдарының және бизнес өкілдерінің, әлеуетті инвесторлардың қатысуымен өтетін «Идеялар жәрмеңкесіне» қойылады. Сонымен қатар, жастар ӨКП өткізетін «Бизнес кеңесші» семнарына қатыса алады.  Палата жанында белсенді жастарға арналған түрлі тренингтер мен белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп тұрады. ӨКП директоры колледж студенттерін Палатадағы шараларға қатысуға шақырды.

Шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды Жастар жылы деп атауына байланысты және «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» салтанатындағы «Атамекен» палатасының жастарды бизнеске баулу туралы тапсырмасына орай ұйымдастырылған.

«Жастар жылы – жастардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндік беретін жыл. Кездесудің мақсаты -талапты, белсенді жастардың арман-мақсаттарына жол ашу»,– дейді Ақтөбе гуманитарлық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбарша Жиенқұлова.


Серіктестер