«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысында «Кәсіпкер-ана» жобасы жүзеге асырылды

28 Наурыз 2019 - Ақтөбе облысы
629 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында көп балалы және ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналары кәсіпкерлікке тегін оқытылуда.

"Кәсіпкер-ана" жобасы үй шаруасындағы аналарды жаңа кәсіпке баулу мақсатында жүзеге асырылды.  Оқу 27-28 наурызы күндері «Бизнес-кеңесші» курсы аясында өткізіледі.  Оқыту бағдарламасы бизнес-тренерлердің кеңесі арқылы әйелдердің өз беттерінше іске асыра алмай жүрген бизнес-идеяларын жарыққа шығаруларына көмектесуге бағытталған.

 «Бұл курс әйелдерге аналық міндетін кәсіпкерлікпен ұштастыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Біздің мақсатымыз – әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыта отырып, олардың өз кәсіптерін ашуына және өз өмірлеріне оң өзгерістер енгізуіне ынталандыру. Бүгінгі күні өңірдегі шығарылатын жалпы өнімнің 40% ақтөбелік әйелдерге тиесілі. Олар 23 мыңнан астамы шағын және орта бизнеске басшылық етіп отыр. Бұл көрсеткішті арттыруға  олардың шамалары әбден жетеді»,-деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

«Кәсіпкер-ана» курсына 50-ге жуық ана қатысуда. Солардың бірі –4 баланың анасы, 32 жасар Тампаева Әсемгүл. Оның кішкентай сәбиі 1,5 жаста, отбасының күнкөріс қаржысы 50 мың теңгені құрайды. Әсемгүл бос уақытында тігін тігумен айналысады. Ол өзінің бұл өнерін кәсіпке айналдырып,шағын ателье ашуды армандайды. «Кәсіпкер-ана» курсына осы мақсатына жету үшін қатысып отырғанын айтады.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары аналарға бизнес жүргізу негіздері, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, интернет-дүкен ашу, интернетте өз бизнесін жүргізу әдістерін үйретті. Сонымен қатар, оларға арнайы мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары арқылы кәсіп ашу жолдары түсіндірілді. Кәсіпкерлік курсына қатысушы аналарға Облыс әкімінің орынбасары арнайы келіп, өз тілегін жеткізді.

«Бүгінгі күні әйелдер ел экономикасының дамуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Бизнесте де әйелдердің үлесі зор. Мемлекетіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше қолдау көрсетуде. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бұл бастамасы сіздерге жаңа кәсіпті игеріп, жұмыс орындарын ашуға тиімді мүмкіндік болғалы тұр. Бизнестегі қадамдарыңызға сәттілік тілеймін»,-деді Ақтөбе облысының әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

 Екікүндік оқу нәтижесінде қатысушылардың бизнес-жобаларын қорғау конкурсы өтеді. Барлық қатысушыларға «Бизнес-кеңесші» курсынан өткендігі жөнінде сертификат беріледі. Бұл құжат «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша грант алуға, жаңадан бастаған және жас кәсіпкерлерге қажетті несие берілерде талап етіледі, сонымен қатар, start-up жобаларына екінші деңгейлі банктерден несие аларда пайдаланылады.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер