«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік кәсіпкерлерді қала әкімі қабылдады 

2020 жылғы 23 Қазан
- Ақтөбе облысы
5712 просмотров

"Бизнеске арналған үкімет" фронт-кеңсесінің алаңында қала әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік кәсіпкерлер үшін жеке қабылдау өткізді.

Кәсіптеріне қатысты туындаған мәселелерін шешу мақсатында қала басшысына  8 кәсіпкер жолықты. Бұл негізінен жер қатынастары және абаттандыру салаларындағы бизнесті дамыту бойынша өзекті,әрі жүйелі мәселелер болды.

Мәселен, жеке кәсіпкер Әсел Ибашева қала әкімінен кәсібін кеңейту үшін қосымша 40 гектар жер телімін бөлуді сұрады. Ол Ақтөбе қаласының оңтүстік-батыс бағытынан кірген тұста Жаңақоныс елдімекеніне қарасты аумақта кемпинг ашып отыр. 

«Егер маған сол аумақтан қосымша жер бөлінсе, қаланың кіреберісін абаттандыруға уәде беремін. Сол жерден шағын парк ашып, жасыл желек егемін», - деді Әсел Ибашева. 

Кәсіпкердің көрсеткен жобасына қатысты қала әкімі өз пікірін білдірді.

«Сіздің кәсіп ашып отырған аймағыңыз қаланың кіреберісінде орналасқан. Өтінішіңізді заң аясында орындау мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз. Жобаңызға қатысты Сізге ерекше жауапкершілік артылады, себебі қаланың кіреберіс қақпасы Ақтөбеге көрік беретіндей болуы тиіс», — деді Асхат Шахаров.

Ал тігін ательесін ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс беріп отырған кәсіпкер Бағдагүл Әуелбаева кәсібін кеңейту үшін 200-500 шаршы метр болатындай ғимарат керек деп қолқа салды. Цех аумағы кеңейген жағдайда мүгедектер арбасында отырған жандарды жұмысқа алу мүмкіндігі туады, олардың жұмыс істеуі үшін арнайы станоктар жасалады. 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен айналысып жүрген Әлия Өмірзақова да қала әкімінің қабылдауына келді. Ол көп жылдардан бері аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істейді. Қазір Әлия Өмірзақова ашқан орталықта 20-дан астам бала бар. Ол ата-аналардың бәрі бірдей ақылы қызметті толық пайдалана алмайтынын, сондықтан мемлекеттік тапсырыс негізінде қолдау көрсетуді сұрады. 

Осы қабылдауға келген екінші топ мүгедегі Алдоңғар Махашев та мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға талпынып жүрген кәсіпкер. 2016 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатын Алдоңғар мотор майын сататын дүкен ашып, мүгедек жандарға жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Жобасын жүзеге асыру үшін 10 сотық жер телімі керек екен. 

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау – кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі. Ал оларды жұмыспен қамтимын, жағдай жасаймын деп жатқан кәсіпкерлерді қолдау – біздің міндетіміз. Мәселен, аутист балалардың дамуымен айналысу арқылы сауапты іс атқарып отырған адамды қалай қолдамасқа? Ал мүгедектер арбасында отырған жандарды ательеге жұмыс алу жобасы үшін ғимарат қолайлы, жылы, кең болуы тиіс деп ойлаймын», — деді қала әкімі. 

Қала әкімінің қабылдауына келген тағы бір кәсіпкер «Эко-сити» ЖШС басшысы Амангелді Бердіғалиев Ақтөбе қаласына жақын жерден аз қабатты тұрғын үйлері бар эко-ауылдың құрылысын бастамақ ойы бар. Ол үшін қала басшысынан жобасын мақұлдауды сұрады. Әзірге бұл жобаның қағаз жүзіндегі нұсқасы ғана бар. Оны мақұлдау үшін алдымен мамандар жобаны бүге-шігесіне дейін зерттеулері керек.  

Жалпы, қабыддау барысында кәсіпкерлерге мәселелерін шешу бойынша заң аясында түсіндірілді және жауапты тұлғаларға сәйкесінше тапсырма берілді. 

Айта кету керек, мұндай қабылдаулар тұрақты негізде өткізілетін болады. Бұл туралы БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабарлап отыратын боламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер