«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес бастаушыларға жер телімі беріле ме?

2020 жылғы 09 Қараша
- Ақтөбе облысы
7633 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мүшелері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің ауыл кәсіпкерлерімен кезекті кездесуі Қобда ауданында жалғасты.

Өңірлік кеңес төрағасы Асхат Айтжанов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова бастаған топ аудан орталығындағы бірқатар бизнес нысандарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, олар  сұлулық салоны, техникалық қызмет көрсету орталығы мен стоматология, сондай-ақ өнімді жеткізу бойынша қызмет көрсету сияқты өзге де бизнес нысандарында болды. Олар — «Бастау» кәсіпкерлік негіздері курсы аясында оқып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 5 миллион теңгеге дейін гранттық қаражат алған кәсіпкерлер.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл «Бастау» жобасы бойынша Қобда ауданының 73 тұрғыны білім алған. Оның 25-і  өз ісін ашуға және дамыту үшін грант қаражатына қол жеткізген. Сондай-ақ өткен жылы аталған жоба бойынша оқытылған түлектер жалпы сомасы 27,8 миллион теңгенің 25 грантын ұтып алыпты.

Бүгінде қобдалықтар «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының да шарапатын сезініп отыр. Былтыр осы бағдарлама арқылы үш жоба 81,4 миллион теңгеге қаржыландырылған. Соның арқасында аудандағы «Ерлан», «Абай», «Шахан» сияқты шаруашылықтардың жұмысы алға жылжып, табыс көздері молая түсіпті. Биылдың өзінде  тағы 7 кәсіпкер аталған бағдарлама бойынша  қаржылай қолдау тапқан. Олар өз істерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алды.

Кәсіпкерлер палатасының Қобда аудандық филиалының директоры Сәлім Кұстұртовтың айтуынша, бүгінгі күні ауданда 1347 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 1300-і белсенді жұмыс жасайды. Көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына бейімделген.

Топ мүшелерінің аудан кәсіпкерлерімен кездесуі барысында Сәлім Құстұртов ауылдағы  фермерлердің проблемалық мәселелерін көтерді.

«Ауданда көптеген шаруа қожалықтары сүтті мал шаруашылығымен айналысуға құлықсыз. Өйткені мал саны 600-ден асатын сүтті-тауарлы фермалар жемшөпті арзандатуға субсидиялар алады. Алайда мұндай шаруашылықтар ауданда ғана емес, облыстың өзінде саусақпен санарлықтай. Бұл жерде ауыл кәсіпкерлерін алаңдататын мәселе — осы бағыттағы ұсақ шаруашылықтардың жемшөпке қатысты шығындары ірі фермаларға ұқсас болғанмен, заңнамалық түсінбеушілікке байланысты бұл субсидия оларға төленбейді. Сондықтан мұндай әрекет оларды ішкі нарықта бәсекеге қабілетсіз етеді», - деп айтты ол.

Бизнес бастаушылар үшін жер телімдерін алу да өзекті мәселеге айналған. Оларға конкурстық негізде жер алудың да мүмкіндігі жоқ. Өңірлік кеңестің Қобда аудандық мүшесі Сандыбай Алитұрлиев бұл орайда жер телімдерін беру бойынша байқау шарттарын қайта қарауды, яғни кәсіпкерлер санатын бөлуді, сол арқылы стартап жобалардың иелері мен жастардың жерге қол жеткізуін жеңілдету туралы ұсыныс жасады.

Өңірлік кеңес мүшелері қобдалық кәсіпкерлер көтерген бұл мәселелердің барлығы хаттамаланатынын айтты. Олар облыстың барлық аудандарын аралап, осындай түйткілді мәселелерге назар аудармақ. Кейін өңірлік кеңес пен палата бірлесіп, отырыстарда бұл  проблемаларды егжей-тегжейлі талқылайтын болып,  жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық кәсіпкерлер палатасына әрбір мәселенің оңтайлы шешілуіне қатысты ұсыныстар әзірлемек.

Қобда көпсалалы колледжінің мәжіліс залында өткен кездесуден кейін оқушыларға кәсіпкерлік негіздері бойынша дәріс ұйымдастырылды. Тренингті өңірлік кеңес мүшесі, кәсіпкер Нұрбек Омаров жүргізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер