«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбылдық кәсіпкерден бюджетке 50 млн тенге субсидия қайтару талап етілді

04 Желтоқсан 2020 - Жамбыл облысы
1385 просмотров

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында жамбылдық фермердің  мәселесі қаралды. «Медет» шаруа қожалығына субсидия ретінде бөлінген ақшалай қаражатты қайтаруды талап ететін хабарлама қойылған, алайда Кеңес мүшелері облыстық тексеру комиссиясының бұл шешімін дұрыс деп санамайды.

50 миллион теңге субсидияны Қордай ауданынан келген «Медет» шаруа қожалығының басшысы Кенжебай Тілеубердиев өз шаруашылығының мал бордақылау базасын 5000 басқа жеткізгеннен кейін алған.

Осыған дейін, 2015 жылы, кәсіпкер өз қаражаты есебінен Жамбыл облысы Қордай ауданы Степновский ауылы ауданындағы «Медет» шаруа қожалығының аумағында 3000 басқа арналған бордақылау базасына қызмет көрсетуге арналған ветеринариялық пункт, сарай, карантин бөлмесі, астық қоймасы құрылысы жобасын іске асырған болатын. 

Бұл жобаның сараптамасын ол Жамбыл облысы бойынша «Мемсараптама» РМК-ның филиалына тапсырыс берген, ал базаны 5000 басқа дейін өсіру бойынша екінші жобаның сараптамасын өткізуге аккредиттелген жеке серіктестік – «Тараз Құрылыс Эксперт» ЖШС-не  тапсырған.

Қайта құрудан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің м.а. 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығындардың бір бөлігін инвестициялық инвестициялармен өтеуге субсидия беру ережелеріне» сәйкес фермерге 50 миллион теңге субсидия бөлінді.

Ал 4 қараша күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Кенжебай Тілеубердиевке осы миллиондарды мемлекет бюджетіне қайтаруды талап етіп, хабарлама жіберген. Облыстық ревизиялық комиссия заң бұзушылықтарды көріп, облыстық ауылшаруашылық басқармасына тиісті бұйрық жіберген болып шықты. Аудиторлардың пікірінше, сараптамаға жеке компаниядан емес, мемлекеттік компаниядан тапсырыс беру қажет еді.

Бірақ кәсіпкерлердің құқын қорғау Кеңесі аудиторлар қателеседі деген позицияны ұстанып отыр.  

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес жобаларға сараптама жүргізу кезінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бюджет қаражаты немесе мемлекет есебінен, қандай да бір басқа инвестициялар есебінен қаржыландырылатын жаңа объектіні салу немесе объектілерді реконструкциялау, кеңейту және жаңғырту кезінде ғана талап етіледі, - деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының I санаттағы сарапшысы Сергей Смирнягин Кеңес отырысында. - Бұл талапты «Медет» шаруа қожалығы 2015 жылы жаңа нысан салу кезінде сақтаған. Өз қаражаты есебінен қаржыландырылатын қолданыстағы нысанды кеңейту фермерге кез-келген аккредиттелген ұйымды өз қалауы бойынша сараптама жүргізу үшін таңдау құқығын береді, өйткені бұл мемлекеттік монополияға қатысты емес. Фермер өз кезегінде дәл осылай жасаған».

Кеңес отырысына облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Нұржан Тұрлыбеков фермер субсидия беру кезінде заңды бұзды - ол мемлекеттік сараптама өткізуі керек деген пікірді қолдады. Аудитор бұл дауда ол өзінен жоғары органдарға - Есеп комитетіне және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңды әзірлеуші органға жүгінгенін айтты. Ол барлығын түсінгенімен, Кеңес мүшелеріне жазбаша жауап бере алмаған.

«Уақыт аз болды, бекітілген мерзім де тығыз болды, сондықтан біз тек ауызша жауап алдық», - деді Нұржан Тұрлыбеков.

Кейінірек тексеру комиссиясы құрылыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органнан осы заңның нормаларын түсіндіруді сұрамаған болып шықты. Кеңес мүшелері оған не десе де, қандай дәлел келтірсе де, аудитор қыңырлықпен Заңға жүгінді.

Нұржан Тұрлыбеков бұл 50 миллион бюджетке 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қайтарылуы керек деді.

Кеңес «Атамекен» ҰКП-нан Есеп комитетіне аймақтық тексеру комиссиясының шешіміне түсініктеме беру туралы өтінішпен жүгінуін сұрау туралы шешім қабылдады. Кездесуге қатысқан облыстық прокуратураның өкілі өз көмегін ұсынды:

«Егер біз Есеп комитетінен «Атамекен» ҰКП-ның сұранысына жауап алсақ, біз бұл хабарламаны сотсыз тоқтата тұруға құқығымыз бар - біз тиісті қадағалау актісін ұсынамыз және шағымымыз қаралғанға дейін тоқтата тұрамыз, - деп прокурор шаруаны тыныштандырды. - Егер біз ӨКП-ның дұрыстығын растайтын жауап алсақ, онда біз бұл қабылдаған шешімнен бас тартамыз, ал егер шешім ауқымды болса – онда «Медет» шаруа қожалығына қатысты бөлігін қарастырып, кәсіпкердің құқығын қалпына келтіреміз».

Кеңесте тағы бір даулы мәселе қарастырылды. «Омарходжаев М.Б» шаруа қожалығының басшысы, Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Медет Омарходжаев, «Qoldau.kz» платформасы арқылы жіберген өтінімін облыстық ауылшаруашылық басқармасы ұзақ уақыт қарастырғанына байланысты, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуға субсидия ала алмады. 5 айдан кейін ұсынылған құжаттар пакетінің толық емес екендігін айтып, оның өтініміне бас тартылған. Енді, субсидиялау ережелеріне өзгертулер енгізіліп, бұл бағыт қысқартылды, енді шаруа ақша ала алмай отыр.

Оқиға келесідей болған: 2018 жылы ол «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 30 миллион теңге несие алып, олармен Ресейде 69 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Шаруа 7,5 миллион теңге субсидия аламын деп үміттенді - 15 наурызда ол өтініш берді және 7 тамызда ғана оның қабылданбағанын білді.

«Мен комиссияның маған келіп, малдың бар-жоғын тексеретінін күттім, – деді фермер. – Біз басшылықты шақырдық, бізге олар келеді деп уәде берді, бірақ ешкім келмеді. Кейін біздің өтінішіміз қабылданбағанын білдік».

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Ермек Ділдабековтың айтуынша, субсидиялау Ережелеріне сәйкес, осы мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 14 жұмыс күнін құрайды, егер өтініш берушінің құжаттары ретсіз болса, бұл туралы оған бір жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін сипаттай отырып хабарлайды.

Қызмет көрсетудің мұндай ұзақ уақытқа созылуын бөлімде осы бағытты басқарған облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыпов қызметкерлердің аздығымен түсіндірді:

«Ол кезде бізде тек екі маман қалды, ал бізде уақыт болмады, – деп түсіндірді шенеунік. – Бізге 4,5 мыңға жуық өтініш түсті, сол себепті үлгермедік».

Кеңес мүшелері фермерге облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарсы сот ісін жүргізуді ұсынды. Кеңес басшысы Қыдырәлі Оспанов осы шешімді дауысқа салуды ұсынды, алқалы органның барлық мүшелері оны қолдады. «Омарходжаев М.Б.» шаруа қожалығының ісі бойынша құжаттар тексеру үшін облыстық прокуратураға жіберіледі.


Серіктестер