«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамыту үшін алынған тұтынушылық несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша пилоттық жобаны іске асыруды ұсынды

2021 жылғы 17 Наурыз
- Қызылорда облысы
9164 просмотров

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың аймақ кәсіпкерлерімен онлайн кездесуінде айтты.

«Банктер экономиканың күретамыры және кәсіпкерлікті дамытуға ықпалы зор. Дегенмен, аймақтың несие нарығының жағдайына жүргізілген талдау тұтынушылық несиелендірудің күрт өсуін көрсетуде. Өңірдегі банктердің берген кредиттерінің көлемі 291 млрд.теңгені құраса, оның 58% немесе 169 млрд.теңгесі – тұтыну мақсатындағы несиелер. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден екі есе жоғары», - деді Палата басшысы кездесуде.

Соңғы бес жыл ішінде тұтыну мақсатындағы несиелердің көлемі 100%-ға, ал тұрғындардың табысы 50%-ға өскен. Ғалымбек Жақсылықов, тұтынушылық несиелендірудің өсу қарқыны табыс өсімінен екі есеге жоғары екендігін, бүгінгі күні Қызылордада жан басына шаққанда 208 мың теңгеден, бір отбасыға жобамен 1 млн.теңге көлемінде тұтынушылық несие тиесілі болып отырғандығын жеткізді.

Тұтыну мақсатындағы несиелендірудің жылдам өсуі бизнеске де, оның ішінде тұрғындарды жұмыспен қамтуды рәсімдеуге кері әсер етуде екен. Бүгінде облыста кәсіпкерлік саласында 96 мың адам жұмыс жасайды.

Палата директоры соңғы уақыттарда кәсіпкерлерден жаңа және бұрынғы жұмысшылар еңбек шартын жасаспай, жалақыны қолма-қол беруді сұрайтын жағдай жиілегендігіне де тоқталды. Айта кету керек, жеке тұлғалардың мерзімі өтіп кеткен берешегі 8,8 млрд.теңгені құрайды.

«Несиелендіру құрылымындағы тұтыну мақсатындағы несие көлемінің өсуі бизнесті несиелендіруге кері әсер етуде.  Банктердің берген кредиттерінің көлемі 291 млрд.теңгені құраса, соның 11%-ы немесе 33 млрд.теңгесі ғана шағын бизнеске бөлінген. Шағын кәсіпкерлікке бөлінген қаражат көлемі бойынша Қызылорда облысы республикада 14-орында. Ерекше тоқталатын жайт, өңірде банктердің «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты жеңілдікпен несиелендіру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейі де төмен. Мысалы, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының іске асқан 11 жылы ішінде 93 млрд.теңгені құрайтын 1777 жоба қаржыландырылған. Несиелендіру сомасы бойынша республикада 17-орын», - деп отыр Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша да жағдай осындай екен. Үш жыл ішінде банктермен 2,5 млрд.теңгенің 26 жобасы несиелендірілген. Республикада 16-орын.

Кәсіпкерлердің пікірінше, банктердің талаптары өте қатаң. Кепіл мүліктерді төмен бағалайды, ауылдық жерлердегі кепіл мүліктерді тіптен қарастырмайды, көп құжат талап етеді, құжаттарды қарау мерзімін созады және бүкіл рәсімдерден кейін қаржыландырудан себепсіз бас тартады.

«Осының салдарынан ауыл кәсіпкерлері және сауда саласындағы кәсіпкерлер  «KMF» микроқаржылық ұйымынан и Kaspi bank-тен тұтыну мақсатындағы несие алуға мәжбүр. Олар жылдам шешім шығарады және аз құжат талап етеді. Бұл жағдай да тұтыну мақсатында несиелендірудің өсуіне ықпал етеді. Қалыптасқан жағдайда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шағын кәсіпкерлерді, стартап жобаларды микроқаржылық ұйымдар арқылы несиелендіру тиімді болар еді», - деген Ғалымбек Жақсылықов «Атамекеннің» Төралқа Төрағасынан аталмыш мәселені Үкіметтік деңгейде көтеруге өтініш білдірді.

Сондай-ақ, Палата басшысы кәсіпкерлікті дамыту үшін алынған тұтынушылық несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша пилоттық жобаны Қызылорда облысында іске асыруды ұсынды.

Мұнан өзге, кездесуде аймақ кәсіпкерлері де салаға қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер