Өңірлік кеңесте Арбитраж қызметі таныстырылды
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес мүшелеріне «Атамекен» ҰКП Арбитраж орталығының қызметі туралы ақпарат берілді. Презентация Өңірлік кеңестің кезекті жиынында онлайн форматта өтті. Асхат Айтжановтың төрағалығымен өткен іс-шараға ӨКП директоры Сұлупан Шынтасова қатысты.
ҰКП Арбитраж орталығы Ұлттық палатаның дауларды сотқа дейін шешу саясатын жүзеге асырады. Негізінен кәсіпкерлік қызмет шеңберінде бизнес субъектілері арасында жасалған келісімшарттардан туындаған даулар қарастырылады. «Атамекен» ҚР ҰКП Арбитраж орталығы атқарушы директоры Асқар Қалдыбаевтың айтуынша, отандық сот жүйесінің үлкен жүктемесін ескере отырып, сондай-ақ кәсіпорындардың мамандануына байланысты түрлі сұрақтар бойынша судьялардың барлығы бірдей білікті әрі сауатты позиция бере алмауы себепті арбитраж функциясы өте маңызды.
Презентация барысында Асқар Қалдыбаев дауларды арбитражда шешудің артықшылықтары туралы айтты, онда тараптар тәуелсіз арбитрларды өздері таңдайды, оның біліктілігі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби деңгейі мен беделіне назар аударады.
«Арбитраж шешімі әлемнің 160-астам елінде орындалады, ал алым сомасы талап арыз сомасының шамамен 0,5%-ын ғана құрайды, бұл сот инстанциялары алымдарынан 6 есе арзан. Осы ретте арбитраж шешімдері мен сондай-ақ арбитражда дауды шешу барысының өзі құпия жүргізіліп, жарияланбайды. Ал сот шешімдері ашық жүргізіледі, бұл жайт сот процесіне қатысып жатқан тараптардың беделіне, коммерциялық жағдайына әсер етуі мүмкін», – деп атап өтті Атқарушы директор.
Спикердің айтуынша, сотта іс жылдар бойы қаралуы мүмкін, ал арбитражда мәселелер тез қаралады, өйткені онда бір ғана инстанция бар, апелляция, кассациялық қарау жоқ, барлығы түбегейлі осында шешіледі.
Асқар Қалдыбаев арбитражда азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар ғана қаралатынын айтты, ал Арбитраж орталығына жүгінудегі басты шарт – бизнес субъектілері арасындағы келісімшартқа туындаған дауларды арбитражда шешу туралы ережені енгізу.
Кеңес мүшелері арбитраж өкілдеріне сұрақ қойып, толымды жауап алды.
Сондай-ақ, Өңірлік кеңес барысында ӨКП-ның Байғанин және Темір аудандарындағы филиал директорларының атқарылған жұмыс бойынша есептері тыңдалып, ауылдағы бизнестің өзекті мәселелері қаралды.
Есеп беру нәтижелері бойынша кәсіпкерлік құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді анықтау және бизнес пен мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуде жұмысты күшейту бойынша ұсыныстар жасалды.
Отырыс Палатаның Мәртөк аудандық филиалының директоры лауазымына кандидатураны мақұлдаумен аяқталды. Өңірлік кеңес мүшелерінің келісімімен бұрын Палатаның Мәртөк аудандық филиалында кеңесші-менеджер болған Райгүл Карылғашева директоры болып тағайындалды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: