«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік кәсіпкерлер аграрлық сектордың проблемаларын көтерді

2021 жылғы 24 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
5386 просмотров

«Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаевтың Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестерімен дәстүрлі кездесуі онлайн-конференция форматында өтті.

Кездесу барысында Ақтөбе облысының бизнесмендері өңірдегі бизнес-ортаның жағдайын көрсететін және оларды министрліктер мен Үкіметтің көмегімен шешуге болатын өз салаларының проблемалары туралы айтып берді. Кәсіпкерлер көтерген мәселелердің дені  агроөнеркәсіптік секторға қатысты болды.

«Эльмира» шаруа қожалығының басшысы Динара Илайкова несие берудің қолданыстағы механизмі мен сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігі түпкілікті қарыз алушыға 6%-бен несие алуға әрдайым мүмкіндік бермейді деп санайды. Ал Мемлекет басшысы жыл сайын шаруаларды төмен пайызды қолжетімді несиемен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы атап өтеді.

«Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, ауыл шаруашылық тауарларды өндірушілер жыл сайын субсидияларды дер кезінде ала алмайды, өйткені субсидиялар пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шарты жасалған күннен бастап қана есептеліп, төленеді. Қолданыстағы міндеттемелер бойынша мәселе бар. Егер өтеу мерзімі басталған кезде бос бюджет болмаса, онда фермер толық пайыздық мөлшерлемені, яғни 14-17%-ды төлейді, Қосымша қаражат бөлінгеннен кейін ғана оған несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі ішінара өтеледі», – деп атап өтті кездесу кезінде Динара Илайкова.

 Ақтөбе облысында АӨК субъектілеріне несие беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарлары, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы аясында жыл басында бөлінген 880,5 млн теңге сомасындағы қаражат бұрын жасалған субсидиялау шарттары бойынша ғана міндеттемелерді жабады.

 Осы ретте биыл алынған несиелер бойынша өтінімдерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шеңберінде қаражат жоқ. Тек жаңа ұсыныстар бойынша тапшылық сомасы 700 млн теңгені құрайды.

 Мысалы, биыл несие тізбегі шеңберінде ағымдағы жылдың наурыз-тамызына 587,3 млн теңге алған «Арман-М» шаруа қожалығы бюджеттің болмауы себепті пайыздық мөлшерлемені өтеуге өтінім бере алмай жатыр. Қарыз қаражат жылдың 14 пайызбен алынды, кәсіпорын әлі күнге дейін қаржылық қиындық көруде.  

 «Алтын дала» шаруа қожалығының басшысы Сандыбай Әлитұрлиев ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруге арналған мал сырғаларының болмауына шағымданды.

 «2021 жылы және өткен 2020 жылы облыстың фермерлері құлақ сырғаларының болмауына байланысты Мал шаруашылығының ақпараттын жүйесі базасында жаңа туған жас төлді тіркеудің мүмкін еместігі проблемасына тап болды», – дейді фермер

Ауыл шаруашылығы министрлігі малды сәйкестендіру құралдарын орталықтандырылған сатып алуын жүргізеді. Ведомство сарғаларды аумақтық ветеринария бөлімшелері бойынша бөледі. Ағымдағы жылы АШМ мен сырғаларды жеткізуші арасындағы сот талқылауына байланысты процесс ұзаққа созылып кетті және мәселе әлі шешілген жоқ. Фермерлерге өз қаражатына құлақ сырғаларын сатып алу ұсынылды. Фермерлер ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру қағидаларының 2-тармағы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының төлдері мынадай жасқа толған күннен бастап 14 жұмыс күнінен: бұзау, қозы, лақ, бота – туған күнінен бастап жеті күн өткен соң кешіктірілмей сәйкестендірілетінін еске салды.

 «Демек, фермер сырға күтімен өткізген алты айдан кейін бұзаулардың (қозылар) тура жасын анықтау мүмкін болмайды, ветеринариялық қызметтер сәйкестендіру кезінде 21 күннен аспайтын жасын көрсетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде фермердің келесі жылы субсидия алу-алмауына әсер етеді. Мысалы, жемге субсидия алу үшін аналық мал басының жасы 18 айдан кем болмауы тиіс, бұл ретте егер сырғалар мен сәйкестендіру нөмірі 2021 жылғы қыркүйекте берілсе, онда 2022 жылғы қыркүйекте осы малға жануарлардың ақпараттық жүйесі базасына сәйкес небәрі 12-13 ай болады,  ал іс жүзінде төлдің жасы 18-20 айға толған», – деп налыды шаруа қожалығының басшысы.

 ҰКП мамандары ауыл шаруашылығы министрлігіне мынадай шешім ұсынды: ветеринария қызметтерімен бірлесіп, осы жылғы барлық төлдің есебін жүргізу және олар бойынша биылғы төлдің туу мерзімін белгілеуді қамтамасыз ететін анықтамалар ұсыну.

 «Екіншіден, осындай фактілерге жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, мал сырғасын жарты жылдық қормен сатып алу ұсынылады. Осылайша фермерлерде мал сырғасына қатысты проблемаа туындамайды. Субсидиялауға келер болсақ, тура осындай мәселе Қостанай облысында да көтерілген. Жақын арада АӨК, субсидиялар саласы, қаржының жетіспеуіне байланысты мәселелер бойынша анықтама дайындаймыз әрі жақын арада мәселе қарауға шығарылады деген ойдамыз», – деп жауап берді ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.

 Сондай–ақ, ақтөбелік кәсіпкерлер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жеке медициналық мекемелердің қызметтеріне ақы төлеу бойынша қолданыстағы заңнаманың қайшылығынан туындайтын проблемалар туралы айтып берді. Ал облыстың жол-құрылыс компаниялары қаржылық тұрақтылықпен байланысты мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрайды.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасованың ақпараты бойынша, өңірде ағымдағы жылдың 6 айында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4%-ға өсті, бұл орташа республикалық деңгейден 2,1 пайыздық тармаққа жоғары көрсеткіш.

 «Сауалнамаға қатысқан 1018 кәсіпкер мынадай негізгі мәселелерді атады – жұмыс істеуге шектеу, еңбекақы және жалдау құнын төлеуге қаражаттың жетіспеуі, сондай-ақ несиелерді төлеуге қаражаттың болмауы. Олардың пікірінше, қолдаудың сұранысқа ие шаралары: еңбекақы қорынан салық төлеуден босату (26%), айналым қаражатын толтыруға жеңілдікпен несие бөлу (14%), қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру (8%).

Бұдан басқа, өндірушілер отандық өнімді сатып алуда кепілді өткізу, отандық тауар өндірушілер өнімінің сөзсіз басымдығын белгілеу қажеттігін атап көрсетеді. Сауалнама ҰКП бастамасымен пандемиядан кейінгі кезеңде қосымша қолдау шараларын одан әрі әзірлеу үшін жүргізілді», – деп хабарлады ӨКП директоры.

Онлайн-кездесу соңында «Атамекен» басшысы басқарма мүшелеріне салалық ведомстволармен көтерілген барлық мәселелерді пысықтап, олардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды. Кездесулер қорытындысы бойынша өңірлік палаталар мен орталық аппараттың жұмыс жоспарлары келіп түскен мәселелерді ескере отырып түзетіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер