«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматыда Орта Азия елдерінің сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттердің өңірлік кездесуі өтті

2022 жылғы 01 Шілде
6990 просмотров

 Алматыда Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) қолдауымен сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттердің жетінші өңірлік кездесуінде сауда рәсімдерін жеңілдету мәселелері талқыланды. Кездесуге Орта Азия елдерінің мемлекеттік және жеке меншік секторының өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілері одағының өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысты.

Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімнің басты мақсаты – транзиттік тауарларды қоса алғанда, тауарларды өткізу, шығару және кедендік тазартуды жеделдету. Келісімдер – сауда рәсімдерін оңайлатуға бағытталған ұлттық заңнаманы ДСҰ талаптарына сәйкес келтірудегі тиімді құрал.

Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісім қағидаттарын енгізу  бір мемлекет деңгейінде ғана емес, Орта Азия елдерінің шеңберінде Орта Азиядағы сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша елдер қабылдап жатқан шаралардың оң нәтижесі мен тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 Халықаралық сарапшылар кеден процедураларын жеңілдету жөніндегі өз тәжірибесін таныстырды. Ол үшін Грузия мен Латвияның кедендік әкімшілендіруді реформалау, шекарадағы рәсімдерді үйлестіру және басқару, шекарада тауарларды ресімдеу процедураларын оңайлату және жеделдетуге мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды енгізу бойынша озық тәжірибесімен танысу үшін виртуалды оқу туры ұсынылды.  Бұл елдердің тәжірибесі Қазақстан кәсіпкерлері үшін ерекше қызығушылық тудырады, өйткені Грузия мен Латвия еуропалық нарықтарға шығудағы маңызды транзиттік елдер.

Өңірлік кездесу алаңында жеке сектор өкілдері көлік және транзиттік рәсімдерді одан әрі цифрландыру, баламалы көлік дәліздерін дамыту, тез бұзылатын өнімдерге арналған жасыл дәліздерді өңірлік деңгейде енгізу, Орта Азия елдері арасындағы уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) статусын тануды қоса алғанда, өңірдегі сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылады.

Ұлттық палата сарапшылары кедендік дауларды сотқа дейін реттеу институтын енгізу, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру, кедендік тексеру актісі жарамсыз деп саналатын норманы енгізу жөніндегі заңнамалық бастамаларға қатысты ақпарат берді. ҰКП өкілдері мұндай алаң даулы процесті әділ жүргізуге, кеденнен басқа позицияларды әзірлеуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы – комиссия мүшелерінің шағымды талқылауына кәсіпкерге жеке өзі қатысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілері одағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарының баламалы бағыты бойынша презентация ұсынды. Презентация мыналарды қамтиды: 1) мультимодальдық бағыт: Ақтау/Құрық теңіз порттары арқылы  әрі қарай Баку (Алят) портына дейін фидерлік және паромдық желі арқылы және Әзірбайжан мен Грузия темір жолы арқылы Батуми және Поти порттарына дейін Еуропаға немесе Баку-Тбилиси-Карс т/ж арқылы Ыстамбұл, Мерсин түрік порттарына дейін және одан әрі Еуропаға дейін; 2) Каспий теңізін айналып өтетін баламалы т/ж бағыты: Дина Нұрпейісова станциясы – Самур станциясы (Дағыстан, РФ), –  Бейюк – Кясик станциясы (Әзірбайжан) - Поти/Батуми порты.

Сонымен қатар, Одақ өкілдері Орта Азияның Еуропалық Одақ елдерімен сауда қатынастарын жеделдету үшін маршрутты оңтайландыру, автомобиль көлігін сынақтан өткізу және «Middle Corridor» (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) бағдарына қайта бағдарлау жөніндегі жұмыс туралы айтты. Орта Азия мен Түркия тарапы бұл бағытты стратегиялық маңызды деп санайды.

  Қатысушылар елдер арасында тәжірибе алмасу үшін өңірлік кездесулердің маңызын атап өтті, сондай-ақ ұлттық деңгейдегі өңірлік кездесулерде айтылған ұсыныстарды қабылдауды қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар – сауда рәсімдерін жеңілдетуге ықпал ететін кедендік шекараларды кесіп өтуге байланысты мәселелерді шешудің тиімді тәсілдері әзірленді.

GIZ  «Орта Азиядағы сауда рәсімдерін жеңілдету» жобасының қолдауымен өткізілген іс-шара Орта Азия елдері арасындағы өңірлік сауда мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тәжірибе алмасу, байланыстар орнату және өзекті мәселелерді шешуде бірегей алаңға айналды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер