«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық палатада журналистер мен блогерлерге «Таза парақтан» реттеудің негізгі бағыттары түсіндірілді

2022 жылғы 30 Қараша
8750 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында журналистер мен блогерлер пулы үшін «Таза парақтан» реттеудің ақпараттық жұмысының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша семинар-тренинг өтті.

Бизнеске қойылатын орынсыз талаптарды қысқарту үшін 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реттеуді «таза парақтан» енгізуді тапсырды. Кәсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жаңа реттеу саясатының алғышарттарын әзірледі. Олар өткен жылы желтоқсанда қабылданған «Жаңа реттеушілік саясат туралы» заңда бекітілді. Осы заң аясында көптеген жаңа бастама көзделіп отыр.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебайдың айтуынша, осыған байланысты қазір бизнеске қойылатын барлық талап қайта қаралып жатыр. Бұл жұмысқа 100-ден астам сарапшы мен бизнес өкілі қатысып, белсенділік танытып отыр.

«Негізгі жаңашылдық – келесі жылдан бастап бизнеске қойылатын талаптардың тізілімі іске қосылады. Тізілімге жаңа реттеу саясатына сәйкес келетін талаптар ғана енгізіледі. Егер талап тізілімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган бизнесті жазалай алмайды. Дегенмен қайта қарау барысында мемлекет пен бизнес мүдделерінің тепе-теңдігі сақталғаны маңызды. Аса қауіпті салалардағы реттеуді қайта қарауда барлық шешімді бизнестің құзыретіне беруге болмайды. Мұнда халықтың қауіпсіздік деңгейін бірінші орынға қою керек», – деді Ұлттық палата өкілі.

Спикер осы реформаның қыр-сырын баяндау үшін әрбір салалық жұмыс топтарына арнайы семинарлар, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

«Жалпы биыл 180 консультациялық кездесу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстың бүгінгі нәтижесі – жоспарланған 44 саланың 23-і бойынша талдау аяқталды. Сарапшылар 60 мыңнан астам талапты қайта қарап шықты, оның 11 пайызы жаңа реттеу саясатының талаптарына сәйкес келмейтінін анықтады. Яғни бұл талаптар қайта қаралады немесе алынып тасталады. Болашақта мұндай жұмыс тұрақты түрде жалғасады», – деді Мәлік Сәулебай.

Сондай-ақ, семинарда ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Эрик Жамбылов министрлік Ұлттық палата және бизнес-омбудсмен кеңсесінің сарапшыларымен бірлесіп, мемлекеттік органдар үшін жаңа реттеушілік саясаттың тәсілдерін іске асыру және талаптарды қайта қарау тәртібі бойынша оқыту семинарларының циклдары өткізілгенін айтты.

«Жұмыс топтары үшін реттеуші актілер тізбесін қалыптастыру және талаптарға талдау жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, жолданды. Тізілімді қалыптастыру үшін Үкімет бизнес үшін міндетті талаптарды қамтитын реттеуші актілерге ауқымды тексеру жүргізеді. Бүгінде 1 300-ден астам НҚА қаралды, онда 60 405 талап анықталды, оның ішінде 6 435 (10,7%) талаптар жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді», – деді Эрик Жамбылов.

«Таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі жобалық тобының жетекшісі Гүлнара Құрбанбаева кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеуші саясаттың негізгі тәсілдері туралы айтып берді.

Сонымен қатар, Ұлттық палатаның салалық департаменттерінің сарапшылары бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау кезіндегі айрықша жағдайларға тоқталды.

Сарапшылар журналистер мен блогерлердің сұрақтарына жауап беріп, әрі қарай жеке сұхбат алуға уәделесті. Қатысушыларға «Таза парақтан» реттеудің ақпараттық жұмысының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша семинарға қатысқаны туралы сертификат табысталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер