«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық палата алаңында медициналық ұйымдарды жабдықтаудағы әкімшілік кедергілер талқыланды

2023 жылғы 27 Қаңтар
10984 просмотров

Медициналық техника мен медициналық бұйымдарға баға белгілеуді енгізу бизнес үшін елеулі кедергілер туғызады. Өйткені қолданылатын формула жеткізушілердің барлық нақты шығынын есепке алмайды, ал өтінімдерді қарау мерзімдері ұзаққа созылады. Соның салдарынан мәлімделген бағалар өзектілігін жоғалтады, деп санайды медициналық жабдықты өндірушілер мен жеткізушілер.

 «ELARUM Group» ЖШС директорының орынбасары Абылай Аяжановтың айтуынша, медициналық техникаға шекті бағаларды беліглеу кезінде бағаны қалыптастыру әдістемесінде жеткізушінің 10%-дан асатын нақты шығындары ескерілмейді. Бұл логистика, жабдықты сақтау, кедендік және брокерлік шығыстар және басқа нақты шығындар. Ең бастысы жеткізушінің жүкті жөнелтуге шығындары есепке алынбайды. Жабдыққа кепілдік беру кезеңіне 37 айға арналған шығындарды ескере отырып, қызметкерлердің еңбекақысы мен әлеуметтік салықтар бар.

 «Медициналық техниканың бағасы жеткізушілердің монтаждау, іске қосу-жөндеу жұмыстары, сондай-ақ мамандарды оқыту ескерілмеген формула бойынша есептеледі. Бұл ретте жеткізушінің тапқан пайдасы кепілдік қызмет көрсету кезеңіне арналған шығындарды өтемейді. Шекті бағалар медициналық жабдықтардың бағасын реттеу құралы ретінде бізге теріс әсер етеді. Жеткізушілер екінші жыл қатарынан пайдасыз жұмыс істеп келеді», - деді Абылай Аяжанов.

Кәсіпкердің айтуынша, медициналық жабдықты жеткізудегі тағы бір теріс фактор – валюта курсының құбылуы. Өйткені шекті бағаларды қалыптастыруда сараптама кезінде валюта бағамы қолданылады және баға бір жыл мерзімге белгіленеді.

 Сараптамадан өту ұзақтығы да кәсіпкерлерге кедергі келтіреді. Сараптамаға ескертулер жасалған кезде және оларды түзету қажет болған жағдайда растау алу 120 күнге дейін созылады. Нәтижесінде, ағымдағы инфляцияны ескере отырып, сараптамалық қорытынды шыққан кезде бағалар тағы көтеріліп кетеді.

 «2021 жылдың 31 желтоқсанында біз Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығынан ең арзан аппараттың шекті бағасы – бу стерилизаторына сараптамалық қортынды алдық. Бұл барлық медициналық орталыққа қажет стерилизатор. Біріншіден, Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы 9 ай бұрын басқа бір компания дәл осы апаратқа сараптама өткенін айтып, аппарат құнын мәлімделген бағасынан 30 пайызға кесіп тастады. Әрі қарай, 2022 жылы рубль күрт өсті және өндіруші жыл ішінде жабдықтың  құнын төрт рет көтерді. Яғни, бүгінгі күні бізде баға сараптамасы 5 млн 700 мың теңге шықты. Ал қазір  бұл аппарат 7 млн теңге тұрады, оған 37 ай қызмет көрсетуді қоссақ, бұл аппарат құны  қазірдің өзінде 9 млн теңгеден асады. Іс жүзінде бүгінгі күні біздің медициналық ұйымдар бұл жабдықты жеткізуден айырылды», - деді «SteriMed» ЖШС коммерциялық директоры Ирина Кравченко.

«Қазақстан Мединдустриясы» отандық медициналық бұйымдар, медициналық өнімдерді өндірушілер одағының басқарма төрағасы Руслан Нұрмұханов медициналық жабдыққа шекті бағаларды қалыптастырудың ашық жүргізілмейтінін растады.

«Егер, мысалы, медициналық мақсаттағы бұйымдарда шекті бағаларды тікелей Денсаулық сақтау министрлігі бекітсе, онда медициналық техника жағдайында ұсынымдық сипаты бар Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығының қорытындысы қолданылады. Шарт бойынша ақылы қызмет көрсету шеңберінде Тапсырыс беруші мен Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы арасында қандай да бір жекешелендіру алынады. Мұның түпкілікті өнімі Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы қорытындысы болады. «СК-Фармация» ЖШС-нің соңғы сатып алуы медициналық техниканы сатып алу бөлігінде бұл мәселенің дәрменсіздігін көрсетті. Өйткені 2022 жылғы сатып алу қорытындысы бойынша үнемдеу 30%-дан асты. Демек, іс жүзінде бұл сараптамалық қорытындылар нарықтық бағаларға сәйкес келмейді», - деп атап өтті Руслан Нұрмұханов.

 «Медико-Инновациялық технологиялар» ЖШС Бас директоры Игорь Захаровтың пікірінше, Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығының ұйымдық құрылымында мұндай сараптама жүргізу үшін қажетті адами ресурстар жоқ. Бастапқыда дәрілік заттарды сараптауға арналған және барлық тиісті зертханалармен жарақтандырылған Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы арқылы 10 мыңға жуық дәрі-дәрмек атауы сараптамалық талдаудан өтеді, Ал әртүрлі медициналық техниканың бағасы ұзағырақ сараптаманы талап етеді, оны 60 күн ішінде жүргізу қажет.

 Кәсіпкердің пікірінше, бұл ситуация әсіресе ірі ауруханаларды салған кезде тіптен қиын.

 «Аураханы салу бойынша бір жобаға медтехниканың шамамен 300-500 аталымы керек. Соның әрқайсысына клиникалық-техникалық негіздеме, техникалық сипаттамалар алу керек. Бұл құжаттардың барлығы ақылы. Сонымен қатар, бұл негіздемені аурухана жазуы тиіс. Ал іс жүзінде арухана әлі жоқ, өйткені ол бес жылдан кейін салынады. Бұл ешкім түсінбей жатқан абсурд», - деп атап өтті Игорь Захаров.

 Кәсіпкерлердің пікірінше, мәселенің шешімі ҚР ДСМ-нің медициналық техникаға баға белгілеу бөлігіндегі №247 бұйрығының, сондай-ақ 2021 жылғы 4 маусымдағы № 375 ҚРРК бекіткен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларының 153-тармағының күшін жою болуы мүмкін.

«Біз неге дабыл қағып жатырмыз? Бұл медициналық техниканың бағасын реттеу нормаларының зияндылығы. Біріншіден, бұл тәжірибе халық үшін зиян. Ауруханалар қажетті жабдыққа қол жеткізбейді және халық сапалы медициналық қызметтерді алмайды. Екіншіден, бұл бизнес үшін кедергі. Бұл нормалар кәсіпорындардың күйреуіне әкеледі. Олар салық төлей алмайды, жұмыс орындарын құрмайды,сақтай алмайды, ауруханаларды медициналық техникамен жарақтандыру жұмыстарын жүргізбейді», - деп қорытындылады «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер