«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік фермерлер күн мен жел энергиясын бизнес қажеттіліктері үшін пайдалануға үйренуде

2023 жылғы 13 Наурыз
- Ақтөбе облысы
5165 просмотров

Жаңартылатын энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша ақпаратты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер халықаралық деңгейдегі сарапшыдан алды. Бұл мүмкіндікті Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы оқыту тренинг ұйымдастыру арқылы берді.

Жобаны Қазақстан Республикасының Үкіметі, БҰҰ Даму Бағдарламасы және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы Жапония Үкіметінің қаржылық қолдауымен іске асыруда.

Ақтөбеде тренингке өз шаруашылықтарында «жасыл» технологияларды енгізуді жоспарлап отырған әртүрлі ауыл шаруашылығы салаларынан 30-ға жуық кәсіпкер қатысты. Орталық Азиядағы табиғи ресурстарды орнықты пайдалану жөніндегі халықаралық сарапшы Йорг Андреас Динкелакер агроөнеркәсіптік кешендегі ШОБ үшін төмен көміртекті дамуға көшу жөніндегі стандартты шешімдер туралы айтып берді.

Неміс сарапшысы фермерлерге баламалы энергетика есебінен тұтынылатын энергияның бір бөлігін қалай жабуға болатынын, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендету есебінен кірістерді қалай әртараптандыру керектігін айтып, ЖЭК және ылғал үнемдеу технологияларын енгізу және дамыту бойынша халықаралық тәжірибемен бөлісті, Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесі туралы айтып берді.

Жалпы, ұлттық палата БҰҰДБ-мен бірлесіп ШҚО, БҚО, Алматы және Ақтөбе облыстарынан 10 пилоттық ферманы іріктеп алды, деп хабарлады ҰКП жобалау тобының сарапшысы Әділ Қасқаруов. Ол жобаларды іске асыру әлеуетті қатысушылармен және әкімдік өкілдерімен талқыланып, тікелей жергілікті жерлерде өңірлер бойынша фермалар мен жылыжайларға барғанын атап өтті. Мұндай көшпелі кездесулер әр фермердің нақты көрінісі мен бизнестің әлеуеті туралы түсінік берді. Табиғи-климаттық және географиялық аймақтарды бағалау қорытындысы, жобадан күтілетін мультипликативтік әсер, сондай-ақ консультациялар мен жоба серіктестерімен келісуден кейін өңірлер бөлінісінде жобалардың өлшемдері мен саны айқындалды.

«Қазіргі уақытта жоба ауыл шаруашылығының жеті бағыты бойынша өтіп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша - балық шаруашылығы және сүт шаруашылықтары. Мысалы, балық өсірумен айналысатын «Ардағым» шаруа қожалығын алсақ, олар шабақтарды өсіру үшін күн энергиясын пайдаланатын болады. Судың температуралық режимін, жарықтандырудың және т.б. өз технологиялары бар. Шаруашылықтың өзі шалғай ауданда орналасқандықтан, электр қуаты арасында өшіп тұрады. Ал шаруашылық үшін өсіретін шабақтарды жоғалтпау және өсіру технологиясын сақтау үшін тұрақты электр ағыны қажет», — деп түсіндірді ҰКП АӨК департаментінің сарапшысы Әділ Қасқаруов.

Барлығы, Ақтөбе облысынан жобаға үш шаруа қожалығы кірді — олар «Ардағым», «Болашақ» және «Ынтымақ».

Жобаны іске асыру 2023 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады. Қазір іріктелген кәсіпорындарда орнатылатын жабдықты сатып алу және жеткізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін бұл фермалар басқа шаруа қожалықтарымен тәжірибе алмасу алаңына айналуы керек.

«Біз сүтті мал шаруашылығымен айналысамыз. Шаруашылықта 150 сауын сиыр. Бізде сүт құбырын жуу үшін тәүлік бойы екі қазандық электр желісі қосылып тұрады. Біз электр энергиясына айына орта есеппен 200-250 мың теңге жұмсаймыз. Жылына — 2,5 – 3 млн. теңгеге дейін электр энергиясына кетеді. Осы жобаға қатысу мүмкіндігі үшін ҰКП-ға алғыс айтамыз. Жақында олар қондырғыны әкелді. Наурыз айының соңына қарай орнатуды жоспарлап отырмыз. Жоба мамандары келеді. Біздің үнемдеуіміз жылына 2 миллионнан асатынына сенімдіміз. Енді бізді биогумус пен биогаз тақырыбы қызықтырады, мен сарапшылардан кеңес алғым келген. Алдағы уақытта органикалық тыңайтқыштарды өңдеп, биогаз шығаруды жоспарлап отырмын», - деді «Ынтымақ» шаруа қожалығының басшысы Әділ Асанов.

Сондай-ақ, «Атамекеннің» өкілі фермерлерді Қазақстандағы ауыл шаруашылығы бизнесін қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларымен таныстырып, олардың көмегімен ЖЭК және ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу үшін жабдықтар сатып алуға мүмкіндік бар екенің атап өтті.

БҰҰ Даму бағдарламасының ЖЭК технологиялары мен «жасыл» технологияларды қолдау жөніндегі жобалары туралы БҰҰДБ жобасының сарапшысы Ерлан Даирбеков айтып берді.

Оқу соңында кәсіпкерлер өздерінің мүмкіндіктерін талқылап, спикерлерге сұрақтар қойды.

Еске салайық, БҰҰДБ 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарлама аясында  климаттың өзгеруіне қарсы күрес, энергия тиімділігін арттыру және энергияның таза түрлерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар таза технологияларды қаржыландыру тетіктерін әзірлеуге және кеңейтуге, көміртегіні аз мөлшерде шығаратын бизнесті дамытуға бағытталған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер