«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

2024 жылғы 28 Ақпан
- Шымкент қаласы
7141 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Білім беру салалық Кеңесінің отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Палата басшылығы, Шымкент қалалық прокуратурасының, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің, қаласы білім басқармасының басшылары, «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының», мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

Жиында негізінен екі мәселе көтерілді – жекеменшік мектептерде білім алушыларды тамақпен қамтамасыз ету және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапалы жұмысына кедергі келтіретін мәселелерді талқылау.

Білім беру саласы Кеңесінің төрағасы Мақсат Абдукаримовтың модераторлығымен өткен жиында алдымен «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» Шымкент қалалық филиалының директоры Диана Караманова сөз алды.

«Біз бүгін көтергелі отырған бірінші мәселе – жекеменшік мектептердегі оқушылардың тегін ыстық тамағын қаржыландыру. Шымкент қаласында бұған дейін оқушылардың мектеп ғимаратына кіру және тамақтану үшін төлем құралы ретінде сәйкестендіру карталарын пайдалану жобасы қолданылды. Бұл қаржыландыру жүйесі барлық қатысушыларға қолайлы болды. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін жекеменшік мектептердегі оқушылардың ыстық тамағына бөлінген қаржы ата-аналардың шоттарына аударылады. Осы ретте кәсіпкерлерде бірқатар проблема туындап отыр. Ата-аналардың біразының қарызы болса, тамақтануға бөлінген бюджет қаржысы сол қарыздарды төлеуге жұмсалып кетуле, тиісінше, мектепте тамақтану үшін төленбей қалады. Оған қоса біраз ата-ана ыстық тамақ алуға тиісті құжаттарды ұсынбаған, ал жекеменшік мектептер бұл балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етіп отыр», – дейді Диана Караманова.

Кәсіпкерлер бұған дейін қолданылған жүйеге оралуды ұсынады.

«Интеграцияланған платформаны енгізу оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету процесін басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар үшін деректерді бақылау және талдау процесін жеңілдетеді. Мұндай платформа кәсіпкердің ыстық тамақ ұйымдастыру шығындарына қатысты тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді», – деді Диана Караманова.

Бұл сұраққа Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева жауап берді.

«Шымкент қаласында 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша 2024 жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Бүгінде 20 182 оқушыға ыстық тамақ беріліп, қаржының біраз бөлігі ата-аналардың шотына жіберілуде. Иә, бұған дейін сіздер айтып отырған жүйе арқылы жүзеге асырылған. Дегенмен, құзырлы органдардың тексеруі нәтижесінде мемлекет қаржысын жұмсаудың ашықтығы қамтамасыз етілмеген деген уәжбен бұл жүйені қолдану тоқтатылды. Қазіргі таңда мемлекет қаржысын жұмсаудың ашықтығын, қаржының тіисті мекемелерге жетуін қамтамасыз ету барысында басқа да тетіктер қарастырылуда. Жақында бұл мәселе шешімін табады. Мемлекет деңгейінде «Цифрлық әмиян» жобасы іске қосылғалы тұр. Бұл мәселелер сол жоба аясында шешімін табады деп ойлаймын», – дейді Гүлнәр Тұрдыбайқызы.

Бәсекелестікті қорғау саласының мамандары да бұрынғы жүйеге қатысты тексеру болғанын мәлімдеді.

«Бұл мәселе бойынша былтыр тиісті жұмыстар атқарылды. Ыстық тамаққа бөлінетін қаржы мемлекеттік қаржысы болғандықтан, ол қаржыны үнемдеу бақылауда болады. Сондықтан, ыстық тамаққа бөлінетін қаржыны аударуда неліктен ашық конкурс ұйымдастырылмады деген сұрақ туындады. Жаңағы сіздер айтқан компаниямен жасалған келісім-шартты қарағанымызда қаржының белгілі бір пайызы ұсталатыны анықталды. Ол компания мен білім басқармасы арасында тікелей меморандум арқылы келісімшарт жасалған, ал ол меморандумда ешқандай нормативтік құжатқа сілтеме көрсетілмеген. Осылайша ашық конкурс болуы керек деген қорытындыға келдік», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қанат Жанқалов.

Жиында жекеменшік мектептердегі оқушыларды мемлекет тарапынан ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі заңмен бекітілмегені айтылды.

«Мемлекеттік мектептерде ыстық тамаққа қаржы бөлу ашық конкурс арқылы өткізіледі, конкурсқа қатысатын компания аспаздарынан бастап ыдыс-аяғына дейін белгілі бір талапқа сай болуы тиіс. Ал ас мәзірі kundelik.kz порталындағы арнайы айдарда көрсетіледі. Оған мектеп директоры мен ата-аналар бақылау жасай алады. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге келер болсақ, жекеменшік мектептердегі оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастыру мәселесі нормативтік-құқықтық құжаттармен негізделмеген. Белгілі бір санаттағы отбасылардың балаларын мемлекеттік мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз ету тиісті құжаттарда көрсетілген. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында оқушыларды бөліп-жармай, барлығын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді көрсетті. Ал жекеменшік мектептерде бұл тетік заңмен көрсетілмегендіктен, қала әкімінің қаулысымен 1-4 сынып оқушыларының барлығын ыстық тамақпен қамтамасыз ететін болып шешілді. Нормативтік тұрғыда рәсімделгенше қалалық білім басқармасы өз тарапынан қаржыны бір оператор арқылы аударатын болып шешім қабылдады. Қазір осылайша ол қаржы ата-аналардың жеке шотына аударылуда. Сондықтан, ең алдымен жекеменшік мектептерде ыстық тамақ беруді ұйымдастыруды нормативтік-құқықтық тұрғыда бекітіп алу керек», – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы бірінші орынбасарының м.а. Алексей Колосков.

Бұл мәселе бойынша Кәсіпкерлер палатасының басшылығы қауымдастық өкілдерінен мәліметтерді жинап, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс жасайтын болып келісілді.

«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының» өкілдері жиында басқа да мәселелерді көтерді.

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды жергілікті атқарушы орган мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтеріне мемлекеттік білім беру тапсырысының шарттары шегінде ай сайын осы қызметтерді үстіміздегі жылы алған тәрбиеленушілердің нақты контингенті үшін есептелген көлемде жүзеге асырады. Мәселе білім басқармасының баланың дәлелді себепсіз келмеген кезеңдегі сомаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру сомасынан шегеруінен туындайды. Бала балабақшаға келмеген кезде білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру ұйымына кепілдендірілген жан басына шаққандағы қаржыландырудан келмеген күндердің сомасын кемітеді. Бұл дегеніміз, мектепке дейінгі білім беру ұйымы осы сомалар мен қызметкерлердің жалақысын шегеріп, білім беру процесі мен ұйымдағы басқа да шығындарды азайтуы керек деген сөз. Ал біздің ойымызша, тәрбиешілердің еңбекақысы және мектепке дейінгі ұйымның шығындары балалардың балабақшаға баруына байланысты болмауы керек. Қызметкерлер бекітілген тарифке және келісімшартқа сәйкес толық төлем алуы керек. Құзыретті органдардан осы мәселені шешуді сұраймыз», – деді Диана Караманова.

«Жан басына шаққандағы қаржыны балалардың балабақшаға келген күніне қарай төлеу жүйесі дұрыс деп санаймыз. Себебі, бұл тұрғыда заңсыздықтар бар екені ешкімге жасырын емес. Күні кеше ғана қаламыздағы бір балабақшаның меңгерушісі 3 жыл 6 айға сотталды. Себебі, ол 15 баланы үш жыл бойы балабақшаға келіп жүрген деп жалған табельге қол қойып, тиісті басқармаларға өткізіп келген. Осылайша мемлекеттен 8 млн теңгеден астам қаржы алған. Сондықтан, балалардың нақты келгеніне байланысты қаржы аударылуы дұрыс деп санаймыз. Жекеменшік ұйым ретінде сіздердің мақсаттарыңыз – әр бала балабақшаға келуіне жағдай жасау, сапалы тәрбие беру», – деді Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев.

Жиында балабақша меңгерушілері азық-түлік бағасының қымбаттауын да көтерді. Мұндай жағдайда балабақшаларға қиын, деп шағымданады кәсіпкерлер.

«Қаламыздағы әлеуметтік жағдайды ескере отырып, тамақтану үшін төлемді 14 407 теңгеден 22 000 теңгеге дейін арттыруды ұсынамыз. Немесе басқа қалалардың тәжірибесі бойынша азық-түлік ақысының төменгі шекарасын белгілеу, ал жоғарғы шекті шектемеуді және нарықтық экономика қағидаттары бойынша еркін қалдыруды ұсынамыз», – деді жекеменшік балабақша құрылтайшысы Қарлығаш Сәрсенбекова.

Бұл сауалға Білім беру саласы кеңесінің төрағасы Мақсат Абдукаримов кәсіпкерлерге азық-түлік бағасы, қызметтердің бағасы қымбаттағаны туралы нақты дәлелдер жинап, кесте түзіп, қалалық білім басқармасына тапсыруды ұсынды. Жауапты мамандарға бұл ұсынысты қорғауда негіздеме қажет, дейді кеңес төрағасы.

Балабақша меңгерушілері мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі инновациялар туралы тақырыпты да көтерді. Олардың айтуынша, 1 ақпанға дейін қазақстандық мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары балабақшаның меншік нысанына қарамастан телефонға жаңа қосымшаны жүктеп алуы тиіс.

«Егер ата-ана «Келісілген» батырмасын баспаса, балабақша мемлекеттік қаржыландыруды алмайды. Бұл жаңалық еліміздің «Индиго балабақша» жүйесі жұмыс істейтін барлық аймағында енгізілуде. Айта кету керек, электрондық табель жүйесі бірнеше жыл бұрын енгізілген. Қазіргі уақытта жеке кабинетте баланың балабақшаға барған күндерін тексеру қажет. Немесе жеке бағанда бас тарту себебін жазып, келісім беру немесе келісуден бас тарту керек. Жекеменшік балабақшалар табельдерді тексеру қажеттілігі және педагогтардың еңбекақысының ата-аналардың жауапкершілігіне тәуелділігі туралы жаңалықтарға наразы. Балабақшаға тіркелген, бірақ, онда бармайтын балалардың санын анықтаудың басқа жолдары жоқ па?, – дейді «Асем-Ару» балабақшасының меңгерушісі Нұргүл Сарыбаева.

«Бұл жүйе алғаш рет еліміз бойынша Шымкентте жүзеге асырылмақ. Алдағы уақытта әлі де сіздермен жиналыс өткіземіз, семинарлар, түсіндіру жұмыстар жүргізіледі. Оқу-ағарту министрлігінен өкілдер келеді, сол кезде кеңінен талқылаймыз», – деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева.

Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары барлық мәселе заң аясында, кеңесу арқылы шешілетінін алға тартты.

«Жалпы, көтерілген мәселенің барлығы өзекті. Расында мемлекетіміздің іргесі берік болсын десек, бірінші кезекте баланың тәрбиесіне, дамуына мұқият қарауымыз керек. Себебі, бала – біздің болашағымыз. Сонымен қатар заңсыздыққа жол бермей, сыбайлас жемқорлықты жою да мемлекеттің дамуындағы басты негіздердің бірі. Осы тұста балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, орта білім берумен қамтамасыз етуде мемлекеттік жүйеге түсетін салмақты азайтып, қамтамасыз етіп отырған жекеменшік кәсіпкерлерге алғыс айтамыз. Жалпы, қай салада болмасын барлығы заң аясында атқарылуы тиіс. Бұл тұрғыда мемлекет те, жеке сектор да бірлесе отырып ортақ шешім табады деп сенемін», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер