«JumpStart» бағдарламасы: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер
Астана қаласында қарқынды оқыту мен тәлімгерлік курсынан өткен дарынды әлеуметтік кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынды.
АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының қолдауымен жүзеге асырылатын «JumpStart» бірегей инкубациялық бағдарламасы – бұл әлеуметтік бастамаларды іске асыратын 18-35 жас аралығындағы әйелдер үшін арнайы әзірленген әлеуметтік инкубатор.
Жобаның мақсаты – қатысушыларға идеядан нақты нәтижелерге дейін әлеуметтік жобаларды құруға әрі іске асыруға атсалысу.
Бағдарлама кәсіби дағдылар мен көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, сондай-ақ ESG (Environmental, Social, Governance) және тұрақты даму қағидаттарын қолдауға бағытталған.
Іс-шараға АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі, мемлекеттік орган, ірі бизнес, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты.
Өз сөзінде «JumpStart» жобасының негізін қалаушысы Әйгерім Жаналинова Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы мен аталмыш жоба туралы айтып берді.
Бағдарлама 3 айға созылып, онда сарапшылар мен индустрия көшбасшыларының апта сайынғы шеберлік сабақтары, трекерлермен жұмыс және практикалық сабақтар өткізілді. Ал бүгін, «Demo Day» финалдық кезеңі өтіп, онда қатысушылар өз жобаларын инвесторларға, ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылым өкілдеріне таныстырды.
Шараға барлығы 20 әлеуметтік кәсіпкер қатысып, инклюзияны дамыту, экологиялық сана-сезімді арттыру, халықтың осал топтарын қолдау және қоғамның тұрақты дамуы жөніндегі әлеуметтік жобаларды ұсынды.
Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ел кәсіпкерлеріне белсенді түрде қолдау көрсетіп, олардың кәсібін дамытуға әрі идеяларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Анықтамалық:
«JumpStart» - жас әлеуметтік кәсіпкерлер өзіне деген сенімділікті арттыра отырып, көшбасшылық қасиеттерін дамытатын, маңызды әлеуметтік өзгерістер жасау үшін қажетті дағдыларды игеретін бағдарлама. Аталмыш бағдарлама экономикалық дамуға және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: