Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерін сайлау басталды
Түркістан облысының Өңірлік кеңесі – бизнесті дамыту және кәсіпкерлерді қолдауда маңызды рөл атқаратын орган. Кеңес кәсіпкерлікті дамыту үшін консультациялық, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетіп, бизнес-климатты жақсартуға бағытталған бастамалар әзірлейді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаевтың айтуынша, кеңес мүшелері өз саласының ерекшеліктерін терең түсінетін тәжірибелі мамандар. Олар бизнесті қолдау және дамыту үшін тиімді шешімдер ұсына алады:
«Өңірлік кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру – өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды қадам. Бұл әртүрлі кәсіпкерлік қауымдастықтарының проблемаларын жан-жақты түсінуге және оң шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Кеңес өкілдері жергілікті экономиканы жақсарту және кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасау бағытында жұмыс істейтін болады. Бұл бизнес қауымдастығын шешім қабылдау процесіне тартудың қаншалықты маңызды екенінің жарқын мысалы», – деді ол.
Сайлау барысы және үміткерлер
Өңірлік кеңес мүшелерін сайлау өткен жылдың соңында үміткерлерді тіркеуден басталды. 2025 жылдың 27-29 қаңтары аралығында сайлау өтуде. Кеңеске мүше болуға 42 үміткер тіркелген. Нәтижесінде 23 кәсіпкер кеңес құрамына сайланып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін белсенді жұмыс істейтін болады.
Дауыс беру процесі Өңірлік сайлау комиссиясының қадағалауымен өтуде. Бұл шараның ашық әрі әділ ұйымдастырылуы кәсіпкерлер мен қоғам арасында сенімділікті арттыруға бағытталған.
Белгіленген кестеге сәйкес, алғашқы болып туризм саласы бойынша салалық Кеңес мүшелері таңдалды. Дауыс беру рәсімі аяқталған соң өңірлік сайлау комиссиясы нәтижелерді санады. Қорытындысында, көпшіліктің қолдауымен «Hospitality Management Group» ЖШС-нің қонақ үй менеджері Диас Халкулов Өңірлік кеңес мүшесі болып бекітілді.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша салааралық кеңесінен көпшіліктің дауыс беру нәтижесінде Өңірлік кеңес мүшесіне «АYKAN (АЙКАН)» ЖШС құрылтайшысы Айкан Алмагүл сайланды.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Бәйдібек аудандық филиалының кәсіпкерлер кеңесінен Өңірлік кеңес мүшесі болып «Ерсұлтан агро» ЖШС директоры Ерболат Мырзабеков бекітілді.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Жетысай аудандық филиалының кәсіпкерлер кеңесінен «Нұралы –жол» ШҚ төрағасы Ербол Ералиев сайланды.
Көпшіліктің қолдауымен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Келес аудандық филиалының кәсіпкерлер кеңесінен Өңірлік кеңес мүшесі болып жеке кәсіпкер «Рустемова» Ұлболсын Рүстемова бекітілді.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Мақтаарал аудандық филиалының кәсіпкерлер кеңесінен Өңірлік кеңес мүшесіне «Келешек-С» ЖШС директоры Салман Дукенбаев сайланды.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Қазығұрт аудандық филиалының кәсіпкерлер кеңесінен Өңірлік кеңес мүшесіне «Қайып Ата» ЖШС директорының орынбасары Сырым Ертаев бекітілді.
Бақылаушылар сайлаудың заңға сәйкес, тәртіп бұзушылықсыз және толық бейнежазба жүргізіле отырып өткенін ерекше атап өтті:
«Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Өңірлік кеңес мүшелерінің сайлауына комиссия төрағасы ретінде қатысып отырмын. Сайлау барысы ашық әрі әділ өтуде. Көпшіліктің таңдауымен кандидаттарға дауыс берілуде. Алдағы уақытта Өңірлік кеңеске сайланған кәсіпкерлер Түркістан облысының, оның ішінде кәсіпкерліктің дамуына үлестерін қосады деп сенеміз», – деді өңірлік сайлау комиссиясының төрағасы Ғабиден Капалбаев.
Өңірлік кеңес кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге белсенді қатысып, аймақтық экономиканы дамыту үшін тұрақты алаңға айналуды көздейді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: