«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасында жұмысшы мамандар дайындау мәселелері талқыланды

2025 жылғы 19 Ақпан
- Шымкент қаласы
1107 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында қаладағы білім беру саласындағы кәсіпкерлер салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, білім басқармасының басшылары, оқу орындарының жетекшілері және кәсіпкерлер қатысты.

Палата директоры Сабира Адамбекованың айтуынша, жиынның мақсаты – Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылында бірлесе жұмыс атқарып, нәтижеге қол жеткізу.

«Жыл сайын Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы қалада кадрларға қажеттілік бойынша сауалнама жүргізеді. Өңір экономикасын дамытудың талдауы мен басым бағыттарына сәйкес жұмыс берушілерден ұсыныстар қалыптастырылады, олар бюджеттік орындарды бөлу жөніндегі комиссияның қарауына енгізіледі. 2024 жылы 3 685 бизнес субъектісіне сауалнама жүргізіліп, 16 874 бос жұмыс орны анықталды. Ең үлкен қажеттілік – құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салаларында. 2025 жылы 2713 бизнес субъектісіне сауалнама жүргізілуде», – деді Сабира Адамбекова.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің пікірінше, Президенттің тапсырмасы саладағы проблемаларды шешуге сеп болады.

«Жұмысшы мамандардың тапшылығы мәселесін 2024 жылы да Шымкенттегі 40 колледж және арнаулы орта оқу орындарының басшыларымен талқыладық. Айта кету керек, бұл – жылдар бойы жиналған проблема. Қазіргі таңда осы 40 оқу орнында 50 мыңға жуық студент білім алады. Оның ішінде 28 колледжге 11 800 орынға грант бөлінген. Мысалы, былтыр қаламыздағы мәдениет ошақтарында да декорация қоюшы, бутафора әзірлеуші, жарық, дыбыс мамандарына деген сұраныс бар екенін анықтадық, ал қаламызда бұл мамандықтар бірде-бір оқу орнында дайындалмайды. Сондықтан, Қастеев атындағы колледж бен саз колледжіне сол біліктіліктер санаттарын алу, бағдарлама құру бойынша тапсырма бердік. Басқа салаларда да жұмысшы мамандар қажет. Осыған орай қала әкімдігі тарапынан Шымкенттегі грантпен білім беретін колледж басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Бірнеше колледж жұмыс берушілермен меморандум жасады. Соның нәтижесінде 2024-2025 оқу жылында 53 талапкер кәсіпкерлер есебінен оқуға қабылданып, білім алуда. Оқу аяқтаған соң олар сол кәсіпорындарға барып, жұмыс істейді. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасуы тиіс», – деді Сәрсен Құранбек.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 2024-2025 оқу жылында Шымкенттегі 24 колледжде 8526 студент оқуда, бұл жалпы студенттер санының 30 пайызын құрайды. Сәрсен Құранбек келесі жылы дуальды жүйемен қамтылған студенттер үлесі 42 пайызға жеткізу жоспары бар екенін айтты.

Осыған орай Кәсіпкерлер палатасы дуальды оқыту жүйесін дамыту мақсатында бірқатар ұсыныс әзірледі.

«Дуальды жүйені дамыту үшін осы жүйеге қатысатын колледжерде қызметкерлер санын арттыруды, оқу бағдарламаларын әзірлеуге бизнестің белсенді қатысуын қамтамасыз етуді ұсынамыз. Сонымен қатар дуальды оқыту бағдарламаларын қаржылық қолдау, кері байланысты пайдалана отырып, дуальды білім беру сапасын мониторингілеу және бағалау жүйесін енгізу маңызды. Бұл қадамдар мамандарды даярлау сапасын арттырар еді. Тағы бір маңызды ұсыныстың бірі – техникалық және кәсіптік білім беру орындары түлектерінің жалақысын ұлғайту мақсатында жұмыс орындарын субсидиялау. Яғни, мемлекет жұмыс берушіге жалақының бір бөлігін өтесе, нәтижесінде түлекке әдеттегіден жоғары жалақы ұсынуға мүмкіндік болар еді», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Жиын барысында сала мамандары мен кәсіпкерлер өз ұсыныстарын жеткізді.

Мысалы, «ДДЭК» ЖШС басшысы Мұрат Жұматаев жұмысшы мамандыққа, оның ішінде өзінің кәсіпорнындағы токарь сияқты мамандыққа жастардың қызығушылы төмен екенін, олардың теориялық білімнен кейінгі іс-тәжірибеден нақты өту барысын оқу орындары тарапынан қадағалануы, қала орталығынан алыс орналасқан кәсіпорындарға студенттердің қатынауының қиындығы туралы мәселе көтерді.

Бұл сұрақтарға жауап берген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, бір жағынан, студенттердің тәртібін оқу орындарының басшылары қадағалауы тиіс екенін айтып, екінші жағынан, жұмысшы мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру үшін кәсіпкерлер де өздері тарапынан айлық жалақы мөлшерін көбейтіп, қызықтыруы керек екенін ұсынды.

Студенттердің оқу орындары мен кәсіпорындар арасында қатынау мәселесін «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «Janna Eltanova» ЖШС директоры, креативті индустрия саласының өкілі Жанна Елтанова да көтеріп, сонымен қоса, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» секілді жобалардың жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тоқыма өнеркәсібі субъектілеріне бөлінуін сұрады.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осындай кәсіпкерлер мен колледждер арасындағы меморандум нәтижесінде бизнес қаржысы есебінен студенттерді оқытуды ұсынып, көлік мәселесі бойынша барлық тараптардың, оның ішінде жолаушылар тасымалдаушы компаниялардың қатысуымен ортақ келісім арқылы шешімін табуға болатынын айтты.

Бизнес өкілдері жиын барысында, сонымен қатар, жалпы жұмысшы мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында мектеп оқушыларының қатысуымен шеберлік сағаттарын, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру сияқты ұсыныстарын білдіріп, бұл ұсыныстар қала әкімінің орынбасары мен колледжердің басшылары тарапынан қызу қолдау тапты.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова жұмысшы мамандықтарды дайындау, оның ішінде дуальды оқыту жүйесін дамыту бойынша ұсыныстардың бірі ретінде мемлекеттік тапсырыс аясында оқыған студенттердің өз мамандығы бойынша белгілі бір мерзімде жұмыс істеуін міндеттеуді ұсынып, жиын соңында Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселелер бойынша бірлесе жұмыс істеуге әрдайым дайын екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер