«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

"Бір ауыл - бір өнім" жобасының инновациялық грант иегерлері

2025 жылғы 23 Сәуір
- Алматы облысы
265 просмотров

“Бір ауыл – бір өнім” – еліміздің барлық өңірінде қолға алынған әлеуметтік жоба. Бұл жоба аясында әр ауылдың ерекшелігін көрсететін бірегей өнімдерді брендке айналдыру көзделген. Өткен жылы республика бойынша ұлттық экономикалық жобаға 4 өңір таңдап алынған болатын. Жоба арқылы елді мекендердегі жұмыссыз отырған қыз-келіншектер түрлі бұйымдар жасап, сол ауылдың атымен бренд ретінде шығарады. Бұл тауарлар ел ішіне ғана емес, шетелдерге де экспортқа шығарылып, тұрғындар үшін тұрақты табыс көзіне айналады.

“Бір ауыл – бір өнім” жобасы алғаш Жапонияда өңірлерді дамыту мақсатында ойлап табылған. Жобаның мақсаты – белгілі бір аймақтың ерекшелігін көрсететін бірегей, сапалы өнім өндіруге болатын саланы табу және зерттеу. Сонымен қатар, жергілікті ресурстарды пайдалана отырып сапалы өнім өндіруді, бизнесті басқару, маркетинг пен өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Оған қоса, жергілікті және халықаралық нарықтарда өнімді тарату, бренд қалыптастыру және өнімнің құндылығын арттыру арқылы өндірушілердің дағдыларын дамытуға бағытталған.

Алматы облысынан Астанада өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына үш финалист өтті. Олардың бірі – Іле ауданы, Түймебай ауылының тұрғыны, республикаға танымал қолөнер шебері, “Ұлт мақтанышы” медалінің иегері Жеңісгүл Дәулетова. Ол 20 жылға жуық уақыттан бері көрпе, жастық, ұлттық киімдер, аяқ киімдер, сәукеле, зергерлік бұйымдар жасаумен айналысады.

Облыстық бренд комитетінің шешімімен Жеңісгүл Дәулетова “Бір ауыл – бір өнім” жобасының финалына жолдама алып, өңіріміздің абыройын асқақтатып, жобаның жеңімпазы атанды.

Жеңісгүл бұл жобаның жеңімпазы атану оңайға сақпағанын айтты, себебі, жеңімпаз атану үшін оған көптеген жылдар бойы тәжірибе жинап, жан-жақты білім алып, жаңа буынмен бірге аяқ басып отыру керек екенін жеткізді. Ата-бабамыздан құнды мұра болып қалған қолөнер түрі – киіз басу жазда ыстықты сақтап, қыста суықтан қорғайтын экологиялық таза материал болып табылатын ерекше дүние.

“Бұл – өте қиын жұмыс. Біз әр өнімге жүрегіміз бен жанымызды саламыз. Қолөнер туындысының ерекшелігі мен қайталанбастығы бүгінде әлемде жоғары бағаланып отыр. Біздің өнімдерімізді іздейді, көптеген тапсырыстар түседі, соның ішінде шетелден де”, – дейді Жеңісгүл Дәулетова.

Жеңісгүлдің осы қолөнер түрін қайтадан жаңғырту үшін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, финалист атанғаны Алматы облысының кәсіпкерлері үшін айрықша мотивация.

Райымбек ауданынан шыққан “Сафи тәттілері” жобасының финалисті Молдабергенова Фариза өз тәттілерін дайындау үшін тек ауылдық шикізатты пайдаланады. Атап айтқанда, оның тәттілері ауылшаруашылық өндірістік “Altyn dan -1” кооперативінің жоғары сапалы ұнынан, табиғи сүт өнімдерінен және ауыл тұрғындарынан сатып алынған жұмыртқадан жасалады. “Altyn dan -1” кооперативі 2022 жылы құрылғанымен, 2023 жылы бидай өндіру саласында үлкен жетістіктерге жетті. Дәмі тіл үйірер тәттілерімен елге танылған Молдабергенова Фариза 2024 жылы жобаның жеңімпазы атанды.

“Бір ауыл - бір өнім” көрмесі мен үшін өз қызығушылығымды үлкен кәсіпке айналдыруыма себепкер болды, - дейді Фариза. Сондай-ақ, қазіргі таңда өз кондитерлік цехын ашу мақсатында керек-жарақтарын тапсырыс беріп, құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығын тілге тиек етті.

Үшінші финалист – бал өнімдерімен танымал “Beemarket” брендінің иесі Чукенова Назира. Ол тек бал ғана емес, сонымен қатар балдан сабын, балауыз шамдар, гүл тозаңы және перга сияқты түрлі өнімдер жасайды. Назираның ассортиментінде балдың 8 түрлі дәмі бар, ал балауыз шамдарының формалары ерекшелігімен көз тартады.

“Бір ауыл – бір өнім” жобасы осы үш кәсіпкерге өз өнімдерін кеңінен танытуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік берді. Аталмыш жоба Алматы облысының экономикалық дамуына және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.

Еске сала кетейік, Алматы облысында инновациялық жобаға қатысу үшін өтінім беру әлі де жалғасуда. Бұл жоба - ауылдық өнімдерді қолдап, кәсіптерді дамытуға шабыттандырып, халықарлық деңгейде өз өнімдеріңізді танытамын деушілерге таптырмас мүмкіндік.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер