«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада БАӘ мұрагер ханзадасының қатысуымен бизнес-форум өтіп, маңызды келісімдерге қол қойылды

2025 жылғы 12 Мамыр
772 просмотров

Бүгін Астанадағы АХҚО алаңында Абу-Даби тағының мұрагері шейх Халед бен Мухаммед бен Заид Аль Нахаянның қатысуымен Қазақстан – БАӘ бизнес-форумы өтті. Іс-шара екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды тереңдетуге арналған маңызды алаңға айналды.

Ашылу барысында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, БАӘ Сыртқы сауда министрі доктор Тани бин Ахмед Аль Зейуди, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов және БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының бас хатшысы Хумайд бен Салем кіріспе сөз сөйледі.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов форумның арқасында қос мемлекеттің сауда-өнеркәсіп палаталары жұмыс істейтін басым бағыттар айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бірқатар келісімдерге қол қою қолданыстағы жобаларға да, қазірдің өзінде белгіленген бастамаларға да серпін береді.

Өз кезегінде, БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының бас хатшысы Хумайд бен Салем:

«Көп жылдан бері елдерімізді сенімге, өзара құрметке және ілгерілеуге ұмтылуға негізделген терең дипломатиялық және сауда байланыстар біріктіреді. Бүгін біз қол жеткізілген табыстармен қатар, алдымызда ашылып отырған шабыттандыратын мүмкіндіктерді де атап өтеміз. Біздің экономикалық байланыстарымыз энергетика, сауда, инфрақұрылым, технология және орнықты даму сияқты негізгі салаларға инвестициялар есебінен жыл сайын нығаюда», – деп атап өтті.

Мұрат Қарымсақов Қазақстанның аймақтағы ең тартымды инвестициялық бағыттардың бірі ретінде өз мәртебесін сақтап отырғанын айтты. Ел шетелдік инвесторларға заңдық кепілдіктерді, салық заңнамасының тұрақтылығын, сондай-ақ салық және кедендік жеңілдіктерді, заттай гранттарды және жеңілдетілген әкімшілік рәсімдерді қамтитын мемлекеттік қолдаудың кең спектрін ұсынады.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб, оның жұмысына «Атамекен» ҰКП белсенді қатысуда. Жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде толық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін Интерактивті инвестициялық карта да маңызды құрал болып қала береді.

Бүгінде Қазақстан мен БАӘ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты оң қарқын көрсетуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен БАӘ арасындағы жалпы тауар айналымы 277,4 млн долларды құрады. Эмираттарға өз өнімін экспорттайтын қазақстандық компаниялардың саны 300-ден асты, бұл БАӘ бизнесінің сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

2005 жылдан бастап БАӘ-нің Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция көлемі 4,1 млрд доллардан асты. Қазіргі уақытта жалпы құны 6,5 млрд доллардан асатын 40-тан астам бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын және 600 МВт. сағ көлемінде энергия жинақтау жүйесін салу жобасы ерекше атап өтіледі. Құрылысты бастау 2025 жылға, ал аяқтау 2029 жылға жоспарланған.

Қазақстан – БАӘ бизнес-форумының басты оқиғаларының бірі Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен «ABU DHABI PORTS COMPANY» АҚ арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою болды. Бұл Меморандумның мақсаты – елдер арасындағы ынтымақтастық, өзара іс-қимыл және қолдау үшін негіз қалыптастыру.



Еншілес ұйымдар

Серіктестер