«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің түйткілді мәселелері тыңдалды

2025 жылғы 20 Мамыр
- Түркістан облысы
179 просмотров

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының және облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішовтің жетекшілігімен Өңірлік кеңес мүшелері Сайрам ауданы кәсіпкерлерін жеке қабылдады. Кездесудің мақсаты – жергілікті кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдап, нақты шешу жолдарын ұсыну.

Жиынға Түркістан облысы әкім орынбасары Талғат Қозбеков, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен мекеме басшылары, ұйымдар өкілдері, Өңірлік кеңес мүшелері және кәсіпкерлер қатысты.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов:

«Кәсіпкерлердің мәселесін тыңдап қана қоймай, нақты шешу жолдарын бірге қарастыру — біздің басты міндетіміз. Бүгінгі кездесу – бизнесті қолдаудағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Әрбір ұсыныс назарға алынып, жауапты органдармен бірлесе шешіледі», – деді ол.

Қабылдау барысында бірқатар кәсіпорын өкілдері бизнес жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарын ортаға салды.

 

1. «Туран Агро Ет Сүт» АШӨК – кәсіпорынның банк шоттары белгісіз себептермен бұғатталып, Өзбекстанға ет экспорттау процесіне кедергі келуде. Қазіргі таңда апелляциялық шағым қаралуда.

 

2. «KAZ ECO MEAT» ЖШС – ауыр жүк көліктері кәсіпорынға кіру үшін 5 шақырым айналып өтуге мәжбүр. Қарсы бағыттағы жолдан тікелей бұрылыс жасау үшін Полиция және «ҚазАвтоЖол» өкілдерімен кездесу ұсынылды.

 

3. «KUZOV KARABULAK» ЖШС – кәсіпорын кеңеюіне байланысты 500 дәнекерлеуші мен токарь мамандарын қажет етуде. Аудандық колледждермен бірлесе түлектерді жұмысқа тарту сұралды.

 

4. «Читилова» ЖК – 2025 жылға сүзбе және ірімшік өнімдеріне субсидия алу мүмкін болмай отыр. Жергілікті бюджеттен өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауға қаржы бөлу ұсынылды.

  

5. «Қожақорған» ЖШС – 100 гектар аумаққа су үнемдеу технологияларын енгізу үшін 191 кВт трансформатор орнатуға рұқсат ала алмай отыр. Жанынан электр желісі өтсе де, рұқсаттың болмауы өндіріс процесін тежеп отыр. Бұл бағытта сүйемелдеу шаралары ұйымдастырылатын болды.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев:

«Кәсіпкерлердің өзекті проблемаларын нақтылаудың тиімді жолы – осындай тікелей қабылдаулар. Палата тарапынан әрбір көтерілген мәселе бойынша сүйемелдеу және жауапты органдармен байланыс орнатылады. Біздің мақсат – өңірлік бизнеске қолайлы жағдай жасау», – деді палата басшысы.

Іс-шарада Өңірлік кеңес туралы Үлгілік ережеге өзгерістер енгізу және «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестерін қалыптастыру және делегаттарды сайлау қағидаларына» өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Кәсіпкерлердің көтерген мәселелері бақылауға алынып, тиісті органдарға жолданатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер