«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлік құқықтарын қорғау: Астанада мүлікті мәжбүрлеп алу және әкімшілік кедергілер мәселелері қаралды

2025 жылғы 21 Мамыр
- Астана қаласы
340 просмотров

Астанa қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыста жобаларды іске асыру барысында мәжбүрлеп мүлік алу және әкімшілік кедергілерге байланысты кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер қаралды.

Негізгі мәселелердің бірі – «Jusan Ventures» ЖШС-нің Астана қаласы әкімдігі бастамашылық еткен, мемлекеттік мұқтаждық үшін жер учаскесінің бір бөлігін алып қою жөніндегі сот ісіне байланысты өтініші болды. Сот процесіне үшінші тарап ретінде Палатаның қатысуының нәтижесінде өтемақы сомасы бастапқы 69,9 млн теңгеден 96,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл жағдай мүлікті алып қою барысында заңнамада көзделген келіссөз тәртіптерінің сақталмағанын және кәсіпкердің сараптама мен мемлекеттік баж үшін қосымша шығындарға тап болғанын көрсетті.

Сондай-ақ «Молок» типті жерасты қоқыс контейнерлерін пайдалануға қатысты шектеулер мәселесі қаралды. 2024 жылғы 27 тамыздағы әкімдік хаттамасына сәйкес, мұндай контейнерлерді орнатуды тоқтатып, бұрын орнатылғандарын бөлшектеу тапсырылған. Бұл шешім құрылыс салушылардың алаңдаушылығын туғызды. Себебі аталған конструкциялар жобалық-сметалық құжаттамада көзделген. Оларды құрылыс салушылар есебінен бөлшектеу жөніндегі талап негізсіз әкімшілік кедергі ретінде қарастырылуда. Уәкілетті органдар санитариялық және құрылыс нормаларын қайта қарау және жерасты контейнерлерін пайдалануға рұқсат беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екендерін білдірді.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарға тиісті өтініштер жолдау, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша «Атамекен» ҰКП-ға ұсыныстар дайындау, сондай-ақ мүлікті алып қою тәртіптерін сақтау бойынша жергілікті атқарушы органдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныстар берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер