«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Теңізшевройл» делегациясы Шымкент кәсіпкерлерінің өнімдерімен танысты

2025 жылғы 04 Маусым
- Шымкент қаласы
1181 просмотров

Шымкент қаласына «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) делегациясы ресми жұмыс сапарымен келді.

Мұндағы мақсат – алпауыт компания өкілдерінің жергілікті тауар өндірушілердің өндірістік әлеуетімен және өнімдерімен танысу. ТШО өкілдері мұнай-газ саласында қолданылатын тауарларда импортты алмастыру аясында жергілікті өндіріс орындарын зерделеу және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуды көздеп отыр.

Делегация құрамында компания басшылығы, сатып алу және техникалық бөлімдердің сарапшылары, сондай-ақ, ТШО-ның тікелей мердігерлері бар.

Алдымен «Қызғалдақ» сарайында шымкенттік компаниялар тауарларының көрмесі ұйымдастырылды.

– Жергілікті тауар өндірушілердің көрмесіне қаламыздағы 20-ға жуық жергілікті кәсіпорын қатысып, өз өнімдерін ұсынды. «Теңізшевройл» ЖШС басшылығы әр компанияның өнімдерімен жеке-жеке танысты. Жалпы, ТШО делегациясының Шымкентке сапары үш күнге созылады, – деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев.

Бұдан кейін өткен «Теңізшевройл» ЖШС делегациясымен кездесуге 70-ке жуық жергілікті кәсіпорын өкілдері қатысты. Кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жергілікті тауар өндірушілерді ТШО-мен серіктестік байланыс орнату, өз өнімдерін жеткізу және өнімдерге қойылатын талаптар секілді сұрақтар қызықтырды. Ол сұрақтарға «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов бастаған делегация өкілдері мейлінше кеңінен жауап берді.

ТШО делегациясы үш күндік жұмыс сапары аясында Шымкенттегі гидравликалық сорғылар шығаратын «Karlskrona LC AB», «Asia Trafo» трансформатор зауытында, электр құрылғыларын өндіретін «Renaissance SHIK», май және майлау материалдарын шығаратын «HILL Corporation», мал бордақылап, ет өңдейтін «Baiterek Agro», тамақ өнімдерін шығаратын "Барыс-2007" және Intermilk сияқты өндіріс орындарында болады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер