«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске қолдау: «Атамекен» мен Ақтөбе облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті кәсіпкерлердің мәселелерін бірлесіп шешуде

2025 жылғы 04 Маусым
- Ақтөбе облысы
1033 просмотров

Бүгін өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерін қабылдау өткізілді. Қабылдауды Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (ЭТД) басшысы Қуат Әбдіханов жүргізді. Бұл шара мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға және кәсіпкерлік қоғамдастықпен өзара байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Кездесуде көтерілген өзекті мәселелердің бірі — санкцияланған тінтулерді жүргізу тәжірибесі. Адвокат Нұрбек Әлжанов тергеу органдары тарапынан мұндай іс-әрекеттер барысында нақты регламенттің болмауын сынға алды. Құқықтық негізсіз құжаттарды тәркілеу, оларды уақытында қайтармау – мұның бәрі кәсіпорындардың жұмысына тікелей кері әсерін тигізуде. Көптеген кәсіпкерлер уақытын, клиенттерін, сайып келгенде, қаржысын жоғалтуда.

Ол дәлелдік маңызы жоқ тәркіленген құжаттарды қайтару мерзімін заң жүзінде бекітуді, сондай-ақ негізсіз кідірістер үшін жауапкершілік енгізуді ұсынды.


Қуат Әбдіханов бұл ұсынысқа қатысты: «Бизнеске зиян келтірмеу қағидаты міндетті түрде сақталуы тиіс», — деп жауап берді.

Ол адвокаттар қоғамдастығының барлық ұсыныстары мұқият қаралатынын атап өтті.

Қобда ауданындағы «M.G.M-PRIDE» ЖШС сұйытылған мұнай газы станциясының иесі Тәттібек Әмірғалиев станцияның екі аптадан бері газ сата алмай отырғанын айтты. Уәкілетті орган бөлетін көлемдер нақты қажеттіліктен 3–4 есе аз, бірнеше күндік жұмысқа да жетпейді. Кәсіпорынның қуаты айына 110 тонна газ жеткізуге мүмкіндік беретін болса да, бизнес тоқтап тұр.

ЭТД басшысы сұйытылған газды бөлу рәсімі мен кәсіпкер құқықтарының бұзылу фактілеріне қатысты талдау жүргізуді тапсырды. Мәселе бақылауға алынды.

Қабылдауда заңсыз ақша шешіліп алынған шаруа қожалығының және кепілге қойылған құжаттарын қайтара алмай отырған екінші шаруашылықтың өтініштері де тыңдалды.

Кәсіпкерлер тарапынан барлығы алты мәселе көтерілді. Олардың кейбіріне сол жерде нақты түсініктемелер берілді, қалғандары жұмысқа алынды.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов жеке қабылдаудың маңызын атап өтті: «Кәсіпкерлер өз мәселелерін тікелей құқық қорғау және бақылаушы органдардың басшылығына жеткізе алатын кезде — бұл әділ әрі қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыруға бағытталған нақты қадам», — деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер