«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Саудадағы бет-әлпетті тану: құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар

2025 жылғы 16 Маусым
- Астана қаласы
468 просмотров

Сауда саласындағы құқықбұзушылықтардың көбеюі мен қылмыстық әрекеттердің күрделене түсуі жағдайында қауіпсіздік мәселесі кәсіпкерлік қауымдастық үшін аса маңызды мәнге ие болуда. Бұл ретте тек құқықбұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құралдарға ерекше назар аударылып отыр. Солардың бірі — елордадағы сауда нысандарында белсенді енгізіліп жатқан бет-әлпетті тану жүйесі.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында прокуратура, құқық қорғау органдары мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс кездесуінде бейнемониторинг жүйелерін бет-әлпетті тану функциясымен біріктіру мәселелері талқыланды.

«Сарыарқа» ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Әлия Жұмабаева атап өткендей, сауда секторындағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу кәсіпкерлердің қатысуынсыз, сондай-ақ бақылау мен жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін техникалық құралдарды енгізусіз мүмкін емес. Бет-әлпетті тану жүйесі Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің бір бөлігі ретінде нақты уақыт режимінде іздеуде жүрген адамдарды анықтауға, күмәнді қозғалыстарды қадағалауға және құқықбұзушылықтар бойынша айғақтық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде кәсіпкерлер сауда нысандарына бейнебақылау жүйелерін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Олардың айтуынша, бет-әлпетті тану функциясы бар камералар ұрлық қаупін азайтады, қызметкерлердің тәртібіне оң әсер етеді және даулы жағдайларды сотқа дейінгі тәртіпте шешуге септігін тигізеді.

Кездесу барысында тараптар техникалық және ұйымдастырушылық кедергілерді талқылап, құқық қолдану мәселелері бойынша пікір алмасты және алдағы уақытта да сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Қатысушылар атап өткендей, сауда саласындағы қауіпсіздік — бұл бизнес пен мемлекеттің бірлескен жауапкершілігі.

Қазіргі заманның сын-тегеуріндері тиісті жауаптарды талап етеді, ал цифрландыру — солардың бірі. Егер бұл жүйе тиімділік пен құқықтық нормаларды сақтау арасындағы тепе-теңдік негізінде қолданылса, бет-әлпетті тану жүйесі тек бақылау құралы ғана емес, құқықтық тұрақтылықтың маңызды тетігіне айнала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер