«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер мүддесі - заң аясында

2025 жылғы 23 Маусым
- Абай облысы
309 просмотров

 Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бастамасымен Аягөз ауданында өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Аталмыш кеңеске Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, әкімдік және салалық басқарма өкілдері қатысты. Онлайн-оффлайн форматта өткен кеңестің күн тәртібінде сол аудандағы мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы мәселелер қозғалды.

Аягөз ауданында жер учаскелерін жалға алу мерзімін ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің өткізген талдау нәтижесінде, 20 қызмет алушының (оның ішінде 6 кәсіпкердің) құқықтары негізсіз шектелгені белгілі болды.

Атап айтқанда, оларға сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) мен эскиздік жоба болмағаны үшін жалға алу мерзімін ұзартудан негізсіз бас тартылған. Алайда, бұл құжаттар тек жаңа құрылыс салуға қатысты талап етіліп, жалға алу мерзімін ұзартуға қатысы жоқ екені айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша төмендегі ұсыныстар енгізілді:

– кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру;

– бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту;

– мемлекеттік қызмет көрсету саласына тұрақты мониторинг жүргізу.

Кеңес отырысынан кейін өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Г.С. Зайниева аудандағы кәсіпкерлерге заң шеңбері аясында жеке  қабылдау өткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер