«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске жүйелі қолдау қажет: уәде емес, әрекет керек

2025 жылғы 23 Маусым
486 просмотров

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Гүлнара Бижанованың республикадағы энергетика саласының жағдайы туралы мақаласы

Еліміз соңғы жылдары бизнесті жан-жақты қолдауға бағытталған саясат жүргізіп келеді. Мемлекет бірқатар бастаманы жүзеге асырып, ресми есепте инвестицияның өсуі мен іскерлік ахуалдың жақсаруы туралы мәлімдеді.

Дегенмен, кәсіпкерлік қауымдастық әлі де жүйелі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл – әкімшілік кедергілер, кейбір реттеуші рәсімдердің айқын еместігі және әрдайым теңдей емес бәсекелестік жағдайы. Әсіресе, бұл мәселе энергетика сияқты стратегиялық маңызды секторларда өзекті болып табылады. Осы мақалада мен жүйелі тәсіл мен сындарлы диалогты қажет ететін бірқатар өзекті проблемаға назар аударғым келеді.

Елді ондаған жыл бойы тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіп келе жатқан көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансаларының жағдайын қарастырайық. Бұл кәсіпорындар елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды болғанымен, бүгінде күрделі жағдайда тұр. Мәселе тек физикалық тозу деңгейінің жоғары болуында ғана емес, сонымен қатар оны төмендетуге арналған қолжетімді құралдардың жеткіліксіздігінде.

Қаржыландыруға қолжетімдіктің шектеулі болуы – негізгі кедергінің бірі. Халықаралық қаржы институттары көмір генерациясымен байланысты жобаларды қолдаудан бас тартып, жаһандық декарбонизация күн тәртібін ұстануда. Осындай жағдайда мемлекет бұл активтерді қолдау функциясын өз мойнына алуы тиіс, өйткені оларсыз жылыту маусымын өткізу мен электр энергиясының өсіп келе жатқан тапшылығын жабу мүмкін емес.

Алайда, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларда басымдық газ генерациясы мен жаңартылатын энергия көздеріне беріліп жатыр. Көмір стансалары жеңілдетілген қаржыландыру механизмдерінен тыс қалып отыр. Нәтижесінде, кәсіпорындар техникалық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеуге мәжбүр. Жаңғырту мен заманауи экологиялық бақылау жүйелерін енгізуге мүмкіндігі жоқ. Бұл апаттардың көбеюі мен энергиямен жабдықтаудың тұрақсыздығына әкелуі мүмкін.

Бұл жағдай саладағы сенімсіздік пен бұрмалаушылықты тудырады. Атап айтқанда, стансалармен байланысты мердігер ұйымдарды тарту мәселесі туындайды, бұл кейде қарыз алу құнының жоғары болуын өтеу мен жаңғырту жобаларына қаржылық жүктемені азайту әрекеті ретінде қабылдануы мүмкін.

 

Тарифтік реттеу айқын емес

Келесі маңызды және жүйелі мәселе – тарифтік реттеудің айқын болмауы. Бұл мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше рет көтерген. Негізгі проблемалар – генерация нысандары үшін тарифтерді белгілеу механизмдерінің айқын болмауы, электр энергиясын беру секторындағы шығындардың теңгерімсіз бөлінуі және, соның салдарынан, бөлшек нарықта шынайы бәсекелестіктің болмауы.

Энергетикалық компаниялар өз шығындарының әр бабын реттеушімен келісуге мәжбүр. Алайда, барлық шығындар негізделген деп танылмайды және тарифке енгізілмейді. Мысалы, санитарлық және өртке қарсы қызметтердің талаптарын орындау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының нұсқамаларын орындау орасан зор шығындарға әкеледі – кейде ондаған немесе жүздеген миллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ бұл шығындар тарифті түзету кезінде ескерілмейді.

Осының салдарынан кәсіпорындар нұсқамаларды орындауға міндетті болғанымен, тиісті шығындарды өтеу көздеріне ие емес. Егер өз қаражаты жеткіліксіз болса, олар айыппұлдар мен әкімшілік санкцияларға ұшырауы мүмкін. Осылайша, тығырыққа тірелген жағдай қалыптасады: бір жағынан, мемлекет қатаң талаптар қояды, екінші жағынан, оларды орындауға қажетті қаржылық механизмдер жоқ.

 

Жаңартылатын энергия көзі мен инвестициялық саясат

Отандық бизнес-қауымдастық бірнеше ірі жел электр стансаларын салу жобасы бойынша жасалған Үкіметаралық келісімдерге қатысты да сұрақ қойып отыр. Бұл жобалар инвестициялық саясаттың маңызды бөлігіне айналғанымен, бастапқыда аукциондық механизмдер арқылы жүзеге асырылған жобалардан бірқатар ерекшелігі болды:

  • Тарифтің шетел валютасында бекітілуі (аукциондық жобада тариф теңгемен белгіленеді);
  • Электр энергиясын сатып алудың 25 жылдық кепілдігі (аукционда – 20 жыл);
  • Ұлттық заңда көзделген кейбір рәсімнен босату, оның қатарында жобалау-сметалық құжаттың мемлекеттік сараптамасынан міндетті түрде өту талабы.

Мәселен, БАӘ-нің Masdar компаниясының жобасы дәл осы схема бойынша жүзеге асырылды, бұл құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тудырды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жобалар бойынша теріс қорытынды берді. Негізгі сын – жергілікті өндірісті дамытуға қойылатын міндетті талаптардың болмауы. Атап айтқанда, трансформаторлар, кабельдік өнімдер, металл құрылымдары мен басқа да компоненттер отандық кәсіпорыннан сатып алынуы тиіс деген талап қойылмаған.

Жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыруда отандық өнімдерге басымдық беру мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Бірақ елде жаңартылатын энергетикаға арналған жабдықтарды жергілікті деңгейде өндіру бастамалары қолға алынып жатыр.

 

Қорытынды

Қазақстандық бизнес қауымдастық құр уәдені емес, нақты және жүйелі қадамды күтіп тұр. Бүгінде формалды мәлімдемеден тиімді шешімге көшу маңызды. Көмір генерациясын қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау, тарифтік саясаттың ашықтығы мен болжамдығын қамтамасыз ету, отандық өндірушіге әкімшілік кедергіні жою, мемлекеттік сатып алуға қатысушының адалдығын бақылау механизмін енгізу мен инвестициялық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Тек ойластырылған, жүйелі тәсіл мен бизнес-қауымдастықтың мүдделерін ескеретін диалог қана елімізде тұрақты және бәсекеге қабілетті іскерлік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тек стратегиялық маңызды секторлардағы тәуекелдерді азайтып қана қоймай, сонымен қатар жаңа өндірістердің дамуы мен елдің технологиялық жаңғыруына негіз болады.

Бизнес пен мемлекет арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың арқасында елдің энергетикалық тұрақты болашағын құра аламыз.

 

Гүлнара Бижанова,

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары


Еншілес ұйымдар

Серіктестер