«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қытайға тауар экспорттаудың мүмкіндіктері туралы павлодарлық кәсіпкерлерге түсіндірілді

2025 жылғы 23 Маусым
- Павлодар облысы
330 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлеріне, оның ішінде Павлодар облысы өкілдеріне және республиканың барлық өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қызметкерлеріне Қытай Халық Республикасына өнім экспорттау мүмкіндіктері мен перспективалары туралы онлайн-конференция режимінде түсіндірілді.

Жиында сөз сөйлеген – Қазақстан Республикасының «Кооперативтер мен экономикалық қауымдастықтардың басқа да түрлерінің Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ өзін-өзі реттейтін ұйымының президенті Қазыбек Шайх.

«Кәсіпкер үшін ең маңыздысы – бұл өткізу арнасы. Ең жылдам әрі тиімді арна – Қытай. Бізде Қытаймен қарым-қатынас жақсы. Осыған байланысты жақында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында “Қытай – Орталық Азия” іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Бүкіл Орталық Азия аймағы мен әлем үшін ең перспективалы нарық – бұл ҚХР. Бұл елдің халқы – шамамен 1,4 миллиард адам. Соның ішінде 400 миллион адамды төлем қабілеті жоғары санатқа жатқызуға болады. Қытайда орта таптың өзі осы саннан асып отыр», – деді спикер.

Ол Қазақстаннан Қытайға тауар импорттаудың бірнеше артықшылығы бар екенін атап өтті. Мысалы, бұл инвестиция тартуға ықпал етеді. Егер қытайлық серіктес нақты бір қазақстандық өнімнің Қытайда сатылып жатқанын көрсе, ол бұл өнімнің саудасын кеңейту үшін қаражат тарта бастайды және инвестиция салады.

Алайда, ол бірден ескертіп өтті: қытай нарығына шығу – оңай емес. Бұл елде кәсіпкерлік мәдениеті өзгеше, стандарттар өте жоғары және «үлкен сөрелерге» бірден шығу мүмкін емес. Барлық орталықазиялық компаниялар үшін ең үлкен қиындық – "олардың назарын өзіңе аудара білу".

«Осы тұрғыда қазақстандық кәсіпкерлерде екі жол бар. Біріншісі – өз күштерімен алға жылжу. Екіншісі – Қытай тарапынан біздің компанияларға көмектесе алатын оператор табу. Біз ондай серіктес ретінде Қытайдың жабдықтау және өткізу кооперативтерінің бүкілқытайлық федерациясын таптық. Оның негізгі мақсаты – бірлескен сатып алу», – деді Қазыбек Шайх.

Оның айтуынша, қытайлық кәсіпкердің өнімнің өзіндік құнын барынша азайту үшін, олар барлық шикізатты бірігіп сатып алады. Сол сияқты, әртүрлі компанияларды бір тізбекке біріктіріп, олардың өнімдерін өткізу арналары да ұжымдық түрде құрылады. Бұл ұйымның жалпы айналымы – 7,3 триллион теңге. Оның белсенді мүшелері – шамамен 300 миллион адам: ауыл шаруашылығындағы үй шаруашылықтары, ұйымдар мен кооперативтер атынан әрекет ететін компаниялар. Федерацияның штаттық қызметкерлерінің саны – 3 миллион адам. Қазақстан бизнесі үшін ең маңыздысы – бұл ұйымның Қытайдың түкпір-түкпірінде 341 мың сауда және тарату нүктесі бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер