«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодарлық бағалы шаянды аулаумен айналысатын кәсіпкерлер лимитсіз қалуы мүмкін

2025 жылғы 08 Шілде
- Павлодар облысы
368 просмотров

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында өңірде артемия салина шаянын аулайтын бизнес субъектілері тап болған мәселелер қаралды. Жиынды «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Абенов өткізді.

Ерқанат Абе́нов Кәсіпкерлер палатасына бірқатар кәсіпкерлерден қалыптасқан жағдайға байланысты түсінік беру туралы өтініш түскенін айтты. Павлодар облысы мамандандырылған экологиялық прокуратурасының орынбасары Тимур Трефилов табиғат қорғау прокуратурасы Ертіс бассейндік инспекциясының су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану бойынша қызметін тексергенін хабарлады.

«Биологиялық негіздемелер аккредитациядан өтпеген ұйым тарапынан дайындалғанына байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті сол негіздемеде көрсетілген лимиттерді алып тастады. Соның нәтижесінде артемия салина шаянын аулаумен айналысатын кәсіпкерлер бұл лимиттен айырылды. Су ресурстарын пайдаланушылар аккредитациядан өтпеген ұйыммен жасасқан келісім заңсыз деп танылды. Бұған дейін биологиялық негіздеме жасаған консорциум заңды тұлға болып табылмайды, ал заң бойынша мұндай негіздемелерді тек заңды немесе жеке тұлғалар ғана жасай алады», – деп түсіндірді Тимур Трефилов.

Палата директоры нормативтік-құқықтық базаны талдап, құжаттарды ресімдеудің басқа да заңды жолдарын қарастыру үшін жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл бастама кәсіпкерлердің балық шаруашылығындағы жұмысын тоқтатпай, қажетті лимиттерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

«Біз бұл жағдайдан шығу жолын іздеудеміз, басты мақсат – бизнес субъектілеріне зиян келтірмеу», – деді Ерқанат Абенов.

Тимур Трефилов бұл ұсынысты қолдап, «заң талаптарына сай бірнеше ықтимал нұсқаны қарастырып, олардың әрқайсысын мұқият зерделеу керек», – деді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер