«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес ұстанымы: фискалдық органдардың араласуынсыз сыртқы сауда есептілігін оңтайландыру қажет

2025 жылғы 14 Шілде
627 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Сәкен Қариннің төрағалығымен ШОБ дамыту комитетінің отырысы өтті. Жиналыстың басты тақырыбы – сыртқы экономикаға қатысатын кәсіпкерлер үшін 1-ТС есебін жою мәселесі қаралды. Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) артық әкімшілік жүктеме, бір-бірін қайталайтын деректер мен күрделі есептерді оңтайландыру мақсатында 2027 жылдан бастап 1-ТС есебін жоюды ұсынды.

Бастаманы ҰСБ Өзара сауда және тауар нарықтары статистикасы басқармасының басшысы Данияр Иманбаев түсіндіріп өтті. Қазіргі таңда ЕАЭО аумағында сыртқы сауда қызметін жүргізетін кәсіпкерлер жиырмадан астам көрсеткіштен тұратын 1-ТС статистикалық есептілікті тапсыруға мәжбүр.

Бюро 1-ТС есебі жекелеген элементтерін тауарға ілеспе жүкқұжаттымен (ТІЖ) біріктіріп, 2027 жылдан бастап 1-ТС-тен толықтай бас тартуды ұсынады.

Атап айтқанда, ҰСБ ТІЖ-ға келесі мәліметтерді қосуды ұсынып отыр:

  • тауарды өндірген ел;
  • жеткізу шарттары;
  • сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының кодтары үшін тауардың қосымша өлшем бірлігі;
  • валюта бірлігі (АҚШ доллары) және өзге де көрсеткіштер.

Жалпы, ЕАЭО қатысушылары мен басқа да ұйымдар міндеттемелеріне сәйкес алмасатын 5-7 тармақ ұсынылды.

Атамекен» ҰКП ШОБ комитетінің төрағасы Сәкен Қарин мен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов статистикалық есептілікті оңтайландыру қажеттілігімен келіседі.

Алайда Сәкен Қаринның айтуынша, бұл статистикалық ақпарат салықтық әкімшілендіруде пайдаланбау керек. Мысалы бухгалтерлік деректер мен ТІЖ-де көрсетілген мәліметтер біртектес болмауы мүмкін. Атап айтқанда, қаржылық көрсеткіштер әр түрлі болса, ол салық органдар тарапынан шағымдарға әкелуі мүмкін.

Тимур Жәркенов тауардың шыққан елін белгілеу талаптары мен отандық қамту үлесін тіркеу ретінің айқынсыздығына назар аударды.

Сәкен Қарин ықтимал салықтық тәуекелдердің алдын алу және кәсіпкерлердің құқығын қорғауды ұсынды. Ол үшін бизнес пен мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс кездесулерін бастау қажет. Осы кездесулер аясында арнайы талдау жүргізілуі тиіс. Талдау барысында ықтимал шығындар, ерекшеліктер және енгізілетін толықтыруларға баға берілетін болады.

Комитет төрағасы Сәкен Қарин баяндамашылар мен қатысушылар айтқан пікірлер мен ұсыныстар үшін алғысын айтты. Ол кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы іс-қимылда ашық диалог пен кәсіпкерлік қоғамдастықтың хабардар болуы аса маңызды екенін атап өтті. ШОБ комитеті сауалнама жүргізуге, кәсіпкерлік қоғамдастықтан ұсыныстар жинауға дайын екендігін білдірді.

Ұлттық статистика бюросы ықтимал теріс салдарларды түсінетінін және бизнес-қоғамдастық білдірген алаңдаушылықты қабылдайтынын атап өтті. Бюро жаңа талаптар мен тәсілдерді енгізу кезінде бизнестің пікірі назардан тыс қалмайтынына сендірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер