«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағандыда кәсіпкерлерге тіл нормаларын сақтамағаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салды

2025 жылғы 22 Шілде
- Қарағанды облысы
507 просмотров

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында Тілдерді дамыту басқармасының қатысуымен түсіндіру жиыны өтті. Жиын барысында «Тіл туралы» заңнамаға енгізілген өзгерістер, көрнекі ақпараттың стандарттары, кәсіпкерлердің жауапкершілігі және тұтынушылармен туындайтын даулы жағдайлардың алдын алу шаралары талқыланды.

Кездесуге қоғамдық тамақтану саласының кәсіпкерлері, жарнама агенттіктерінің өкілдері мен салалық қауымдастық мүшелері қатысты.

— «2023–2029 жылдарға арналған тілдерді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, басқармаға тіл нормаларын сақтау бойынша бақылау функциясы жүктелген. “Тіл туралы” заңға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, соның ішінде 75-бапқа өзгерістер енгізілді», — деді Қарағанды облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева.

«Тіл туралы» заңның 21-бабына сәйкес, барлық хабарландырулар, мәзірлер, прейскуранттар, баға белгілері, маңдайшалар және өзге де көрнекі ақпарат міндетті түрде мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда — орыс немесе басқа тілдерде орналастырылуы тиіс.

— «Егер азаматтардан арыз-шағым түссе, басқарма тексеру жүргізу үшін нысандарға бара алады. Алайда біздің басты мақсатымыз — айыппұл салу емес, түсіндіру және алдын алу», — деп атап өтті Алма Қабыкенқызы.

Кәсіпкерлерге заң бұзылған жағдайда алдымен ескерту берілетіні, ал ол жойылмаса — ӘҚБтК-нің 75-бабының 4-бөліміне сәйкес әкімшілік айыппұл қолданылатыны ескертілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге тегін көмек алу мүмкіндігі туралы да айтылды — мәзір, маңдайша, баға белгілерін аудару үшін 8 775 163 0000 нөмірі бойынша ресурс орталығына және call-орталыққа хабарласуға болады.

Әсіресе қоғамдық тамақтану саласындағы мәзір мәселесіне ерекше назар аударылды. Басқарма өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмегені туралы азаматтардан шағымдар жиілеп келеді.

— «Біз сіздерден терең филологиялық білім талап етпейміз. Тапсырыс берушіні қарапайым тұрмыстық деңгейде қарсы алып, “сәлеметсіз бе”, “рахмет”, “қайта келіңіз” деу — бұл тұтынушының көңілінен шығуға жеткілікті», — деп түсіндірді спикер.

Кәсіпкерлер өз кезегінде кадр тапшылығы, тұтынушылар тарапынан әдейі арандату, көрнекі ақпаратты рәсімдеуге арналған бірыңғай үлгінің болмауы сынды проблемалармен бөлісті. Дегенмен, олар өзара ынтымақтастық пен оқуға дайын екендіктерін білдірді.

— «Біз қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Соңғы бірнеше айда ішкі саясат бөлімі келіп, парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл үлкен көмек. Айыппұл салмай, диалог жүргізіп жатқандарыңыз үшін алғысымыз шексіз», — деді Нұра ауданы кәсіпкерлер кеңесінің өкілі.

Кездесу барысында Instagram әлеуметтік желісіндегі жарнамалық контентке қатысты тіл заңнамасының қолданылу мәселесі де көтерілді.

— «Instagram секілді әлеуметтік желілер “көрнекі ақпарат” ұғымына жатпайды. Дегенмен, кәсіпкер өз қызметін Қазақстан аумағында жүргізетін болса, әлеуетті тұтынушыларын жоғалтпау үшін екі тілді қолданғаны дұрыс», — деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Жиында кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді салалық бағыттар бойынша үйрету курстарын ұйымдастыру бастамасы ұсынылды. Мұндай бағдарламалар қазіргі уақытта Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш қалаларында және аудан орталықтарында іске асырылып жатыр. Оқыту тегін жүргізіледі.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен тіл басқармаларына өзара әрекеттестікті күшейтуге, мәзір, маңдайша мен жапсырмалар үлгілерін таратуға, сондай-ақ заң талаптарына бейімделу мәселесін бірлесіп шешуге уағдаласты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер