«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағанды облысының кәсіпкерлері үшін қазақстандық өндірушілер тізілімі бойынша онлайн-кеңес өтті

2025 жылғы 30 Шілде
- Қарағанды облысы
530 просмотров

СТ-KZ және Индустриялық сертификаттар қолданыстан шығады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тауардың шыққан елін растау үшін өндірушілерге енді сертификат қажет болмайды.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу тәртібін түсіндіруге арналған бизнес-қоғамдастықпен онлайн-кеңес өтті. Кездесу ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің қолдауымен «QazIndustry» Қазақстанның индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұйымдастырған оқыту іс-шараларының сериясы аясында өткізілді.

Кеңес барысында QazIndustry өкілдері қатысушыларға Тізілімге енгізілу алгоритмі мен болашақтағы артықшылықтар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Тізілімге енгізілген тауар өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатыса алады.

Айта кетейік, Қазақстандық өндірушілер тізілімі – бұл электрондық үкімет жүйесінің бір бөлігі болып табылатын және отандық өндірушілер мен олардың өнімдері туралы ақпаратты қамтитын цифрлық платформа.

Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін қалыптастыру электрондық үкіметтің веб-порталындағы жеке кабинет арқылы белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Тізілімге енгізілген компаниялар тоқсан сайын кемінде бір рет цифрлық тексеруден өтеді.

Мониторинг барысында талаптарға сәйкессіздік анықталған жағдайда, кәсіпкерге eGov порталы арқылы хабарлама жіберіледі. Егер көрсетілген ескертулер жойылмаса, кәсіпорын Тізілімнен автоматты түрде шығарылады.

Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған (қайта құрудан басқа) немесе таратылған жағдайда, ол Тізілімнен автоматты түрде алынып тасталады. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған жаңа заңды тұлға Тізілімге қайта өтінім беруі тиіс. Тізілімнен шығарылған компаниялар кейіннен қайтадан өтінім беруге құқылы.

Кеңес барысында Қарағанды облысының кәсіпкерлері белсенділік танытып, өтінім беру рәсімі, қажетті құжаттар, қолданыстағы ақпараттық жүйелермен ықпалдасу және өтпелі кезеңге қатысты бірқатар практикалық сұрақтар қойды. QazIndustry өкілдері толық жауап беріп, барлық әдістемелік материалдардың қолжетімді екенін жеткізді.

Айта кету керек, 2025 жылдың соңына дейін СТ-KZ және Индустриялық сертификаттарды беру жалғасады. Аталған күнге дейін рәсімделген құжаттар өтпелі кезеңнің соңына – 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жарамды болып қала береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер