«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде облыс әкімі мен прокурордың кәсіпкерлермен кездесулері нақты нәтижелер беруде

2025 жылғы 14 Тамыз
- Ақтөбе облысы
915 просмотров

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен өңір прокуроры Марат Әбішевтің кәсіпкерлермен бірлескен кездесулері өз тиімділігін көрсетіп келеді. Биыл «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен осындай төрт қабылдау өткізілді. Нәтижесінде индустриялық аймақ резиденттері үшін электр энергиясы тарифін төмендету, «Әлімбет» өткізу пунктінің жұмысын жолға қою, қосымша білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік тапсырыс енгізу және жер мен қаржыға қатысты бірқатар мәселені шешу сынды нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Облыс орталығында өткен кезекті кездесу барысында мектептегі тамақтану, фермерлердің нарыққа шығу мүмкіндігі және бөлшек салықтың төмендетілген мөлшерлемесін сақтау сияқты өзекті мәселелер талқыланды.


Жеке қабылдау аясында 11 өтініш қаралды. АӨК, көлік және логистика, мектептегі тамақтану, құрылыс және сәулет мәселелері қозғалды.


Қазақстанның Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптева Ақтөбедегі мектеп асханаларындағы тамақтану құнын 1 қыркүйектен бастап қайта қарау қажеттігін айтты. Соңғы екі жылда баға өзгермей, бүгінде барлық жас топтары үшін ҚҚС-пен – 646 тг (ҚҚС-сыз – 576 тг) көлемінде белгіленген, бұл №320 қаулыны бұзып отыр және балалар мен кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтіруде. Жағдай 1 қыркүйектен бастап жаңа Тамақтану стандартының күшіне енуімен қиындай түседі, алайда қосымша бюджет қаржысы қарастырылмаған – өңірдің білім басқармасы бюджеттік өтінім бермеген. Қауымдастық 2026 жылғы бюджетте шығындарды ұлғайтуды ұсынды. Әкім мәселені мәслихатта қарауды тапсырды.


«Бес-Төбе», «Конжар» және «Победа» шаруа қожалықтарының жетекшілері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің Ақтөбе нарықтарында сауда орындарына қол жеткізе алмау мәселесін көтерді. Оларға жұмыс істеп тұрған және шағын базарлардан орын бөлу, сондай-ақ халық тығыз орналасқан аудандарда маусымдық сауда алаңдарын құру ұсынылды. Фермерлердің нарыққа шығуын қамтамасыз ету үшін Асхат Шахаров жедел түрде жұмыс комиссиясын құруды тапсырды және оның құрамын бекітті. Алдағы күндері комиссия аграршыларға нақты сауда орындарын бекітуі тиіс. Аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасына жергілікті өндірушілердің толық тізімін жасап, оларға сауда жасау құқығын беретін ресми құжат әзірлеу жүктелді. 


Өңір кәсіпкерлері атынан «Динар-Электромаш» ЖШС-нің тең құрылтайшысы Сергей Вишняк маңызды ұсыныс білдірді – Ақтөбе мен аудандар үшін бөлшек сауда салығының қолданыстағы 2% төмендетілген мөлшерлемесін сақтау. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді, ол 4% базалық мөлшерлеме белгілейді, бірақ жергілікті органдарға оны төмендету немесе көтеру құқығын береді. Бизнестің пайымынша, жеңілдікті сақтау кәсіпорындарға жаңа жағдайларда жұмысын жалғастыруға, жұмыс орындарын және өңір экономикасына салынатын инвестицияларды сақтауға мүмкіндік береді. Бұл мәселе бойынша мәслихат 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін шешім қабылдауы тиіс, ал кәсіпкерлер таңдау бизнестің дамуын қолдау бағытында жасалады деп үміттенеді.


Қабылдаулар тұрақты негізде жалғасады.


«Әрбір өтініштің артында – жұмыс орындары, инвестициялар, өңір экономикасы тұр. Біз формалды жауап емес, нақты шешімдер беруіміз керек», – деді әкім, тапсырмалардың орындалмауы үшін басшылардың жеке жауапкершілігін атап өтіп.


Өңір прокуроры Марат Әбішев бизнесті жүйелі қолдаудың қажеттігін және кейбір аудан әкімдерінің кәсіпкерлермен кездеспеу белсенділігінің төмендігін айтты. Прокуратура мұндай кездесулерді ай сайын өткізуді ұсынды.

 

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов әкімдік пен прокуратураның бірлескен қабылдаулары өз нәтижелілігін дәлелдегенін атап өтті.

«Бұл кездесулер – жай ғана диалог емес, нақты шешім беретін құрал. Осындай талқылаулардан кейін кәсіпкерлердің мәселелері шынымен де алға жылжитынын көріп отырмыз. Палата әрі қарай да салалық кеңестер арқылы жүйелі мәселелерді жинақтап, оларды облыс басшылығы мен прокуратурамен тікелей талқылауға шығарады. Бизнес қаншалықты белсенді болса, біз де соншалықты тез кәсіпкерлердің мүддесіне және өңірдің дамуына тиімді өзгерістерге қол жеткізе аламыз».

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174