Ақтөбелік фермерлер шетелдік жұмыс күшіне салынатын алымның өсуіне қарсы
Ақтөбе облысында АӨК салалық кеңесінің отырысы өтті. Саланың өзекті мәселелері талқыланып, жаңа төраға сайланды.
Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жиын ауыл шаруашылығы саласының даму барысын бағамдап, өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға арналған маңызды диалог алаңы ретінде өтті.
Салалық кеңесті соңғы екі жыл бойы басқарған Сағынғазы Құрманалин белгілі себептерге байланысты төрағалық өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Кеңес аясындағы белсенді қызметі мен ауыл шаруашылығына қосқан үлесі жоғары бағаланып, ризашылық білдірілді.
Кеңес мүшелері бірауыздан қолдап, жаңа төраға ретінде агроөнеркәсіп саласында мол тәжірибесі бар Жұмабике Жұмалиеваны сайлады. Оның басшылыққа келуі өңірлік аграрлық саясатқа жаңа серпін береді деп күтілуде.
Кеңес отырысында ауыл шаруашылығы саласына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда - ауыл шаруашылығы жануарларын ел аумағынан әкету тәртібі, сандық шектеулерді (квоталарды) әділ бөлу тетігі, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жетілдіру, маусымдық шетелдік жұмыс күшін тарту шарттары мен алым мөлшерлемесі, мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау мерзімдерін қысқарту, «ИС ИСЖ» және «TortTulik» мобильді қосымшаларын қолдану тиімділігін арттыру, дизель отынын бөлу механизмін жетілдіру.
Кеңесте ең көп пікір тудырған мәселе – шетелдік маусымдық жұмыс күшін тартуға арналған алым мөлшерлемесінің артуы болды. Үкімет қаулысының жобасына сәйкес, бұл төлем 90 күнге 12 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғаймақ. Кеңес мүшелері бұл өзгеріс ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржылық салмақ түсіретінін және саланың дамуына кедергі келтіретінін атап өтті.
Квоталардың кеңейтілуі жағдайында алым мөлшерін 2,5 еседен астам ұлғайту — аграршылар үшін әділетсіз шешім. Аграрлық қауымдастық мұндай түзетулер агроөнеркәсіп секторының тиімділігіне кері әсер етеді деп санайды. Осыған байланысты «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бұл өзгерістерге қарсылық білдіріліп, қолдауға болмайтыны жөнінде ресми ұстаным жолданды, деп мәлімдеді Кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы Арман Алдабергенов.
Аграрлық секторды цифрландыру да күн тәртібінен түскен жоқ. «ИС ИСЖ» және «TortTulik» мобильді қосымшаларын пайдалану тиімділігін арттыру және қолданыс аясын кеңейту бойынша өңірлік шаруашылықтардан түскен нақты ұсыныстар жинақталып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Бұл бастама – фермерлердің жұмысын оңтайландырып, деректерді цифрлық негізде басқаруға мүмкіндік береді.
Отырыс соңында кеңес мүшелері жаңа төраға Жұмабике Жұмалиеваны құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Палата директоры Дидар Боранқұловтың айтуынша, бұл отырыс агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңызын айқындап, саладағы маңызды шешімдерді қабылдауда жүйелі әрі сындарлы диалогтың рөлін тағы бір рет көрсетті. Ол сондай-ақ Кеңес алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланыс алаңы ретінде жұмысын жалғастыратынын атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: