Ақтөбе облысының бизнесі мәслихат депутаттарына өз ұсыныстарын жеткізді
Ақтөбеде кәсіпкерлер мен облыстық мәслихат депутаттары Кәсіпкерлер палатасының алаңында кездесті. Мұнда облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы қоғамдық тыңдау форматында өтті. Модератор – Нұрлан Махамбетов. Тақырып – «Өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары». Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар басшылары, өңірлік «Атамекен» өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылы шағын және орта бизнесті қолдау шараларына жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы мемлекеттік қолдау шараларына қаржыландыру көлемі – 12,5 млрд теңге, оның ішінде 10,2 млрд теңге республикалық бюджеттен және 2,3 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған.
2023 жылы жаңа драйвер – Хромтау моноқаласының кәсіпкерлерін несиелендірудің өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Өңір деңгейінде нақты сектордағы жобаларды қолдау үшін мақсатты жеңілдетілген несиелендіру бағдарламаларын енгізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты Ақтөбе облысында «Ақтөбе Бизнес» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда деді.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, Палата мен салалық кеңестердің жұмысының нәтижелерін ұсынды, сондай-ақ шешуді қажет ететін негізгі жүйелі проблемаларды атап өтті.
Басты шаралардың ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына бақылауды күшейту және жергілікті қамтудың міндетті үлесін бекіту ұсынылды. Сондай-ақ өндірістерді жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандыруды қолдауға арналған өңірлік жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын әзірлеу қажет.
«Агробизнес» бағдарламасы аясындағы сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тетігіне ерекше назар аударылды. Қазір кәсіпкерлер толық мөлшерлемені төлейді, ал субсидиялар кейінірек – қаржыландыру болған жағдайда түседі. Тетікті жеңілдету үшін бизнес түпкі мөлшерлемені келісімшартта алдын ала бекітуді ұсынады.
Басқа да өзекті мәселелер көтерілді. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушыларға арналған азық-түлік өнімдері көбіне жергілікті өнімді ескермейтін аутсорсингтік компаниялар арқылы сатып алынады. Осыған байланысты келісімшарттарға жергілікті өнімді басым сатып алу туралы міндетті шарт енгізу ұсынылды.
Өңірде өндірістік қуаттардың толық жүктелмеуі мәселесі де бар. Бұған себеп – жабдықтардың жаңартылу деңгейінің төмендігі, қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік және өнімді өткізудегі қиындықтар.
Мәселені шешу үшін кәсіпкерлер өндірістерді жаңғыртуға арналған жеңілдетілген қаржыландырудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді, кәсіпорындарға скрининг жүргізіп, өсу нүктелерін анықтауды, субсидия көлемін арттыруды және салық пен өзге де мәселелер бойынша кеңес беретін толық форматты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құруды ұсынды.
Талқылауға кәсіпкерлер де белсене қатысты.
«Сәтжол» шаруа қожалығының басшысы Ләззат Нұрғалиева Ақтөбедегі сауда желілерінде жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті ұсынылмайтынын айтты. Ол дүкендерде «Қазақстанда жасалған» немесе «Жергілікті өндірушілердің өнімі» айдарымен арнайы аймақтар жасап, өнімдерді орталық сөрелерге және тұтынушылардың көз деңгейіне қоюды ұсынды. Сондай-ақ жергілікті өндірушілердің қалалық базарларда сауда орындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.
Нұрлан Махамбетов маусымдық өнімдерді сату нүктелері мәселесі облыс әкімінің бақылауында екенін атап өтті. Оның тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тізімі жасалды және сауда орындары белгіленуде.
Маңызды мәселені «Greenland Aktobe» ЖШС-нің бас директоры Әділ Дүшекенов те қозғады.
«Жаңа Су кодексінің күшіне енуіне байланысты, онда азаматтардың ортақ су айдындарына еркін қолжетімділігі кепілденген. Ал су айдындарының жанындағы жер учаскелерін жалға алып отырған кәсіпкерлер инвестицияны, инфрақұрылымды қорғау және санитарлық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ете алады?» – деді ол.
Туризм саласының өкілдері азаматтардың су айдындарына еркін қолжетімділік құқығы мен кәсіпкерлердің салынған инфрақұрылымды ақылы негізде пайдалану құқығы арасында теңгерім қажет екенін атап өтті.
Нұрлан Махамбетов Жер кодексі мен Су кодексі арасындағы қайшылықтарға назар аударды. Кәсіпкерлерге бұл бағытта заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар тізімін әзірлеу ұсынылды. Жұмыс Туризм салалық кеңесінің аясында Кәсіпкерлер палатасында жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер депутаттардан Ақтөбе қаласы мен аудандарда бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесін қарастыруға жәрдемдесуді сұрады. Қаулы биылғы 1 желтоқсаннан кешіктірілмей қабылдануы тиіс. Жүк тасымалдаушылар CarGoRuqsat электронды кезегінің жұмысы мәселесін қайта көтерді, ал шағын дүкен иелері осы санаттағы жеке кәсіпкерлер үшін электр энергиясының тарифтерін тұрақтандыруды сұрады.
Кездесуде көтерілген барлық мәселелер облыстық мәслихат назарына алып, олар бойынша нақты ұсыныстар әзірленетін болады. Кәсіпкерлер палатасы бизнес ұсыныстары депутаттармен конструктивті диалог пен бірлескен жұмыстың негізіне айналады деп сенеді. Маңыздысы – мұндай кездесулер ашық пікірталас алаңы ретіндегі мәртебесін сақтап, бизнес мүдделерін көрсетіп, бірлесіп шешім іздеуге ықпал етуі.
Қоғамдық тыңдау барысында «Даму» қоры филиалының директоры Айнагүл Ниязова мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдары туралы баяндап берді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: