«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда бақылау-қадағалау органдары бизнес өкілдерімен кездесті

2025 жылғы 25 Қыркүйек
- Түркістан облысы
104 просмотров

Бүгін Түркістанда облыс әкімдігі, прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру және өзге де мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының қатысуымен бизнес өкілдерімен кеңейтілген кездесу өтті. 

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Козбеков, облыс прокурорының орынбасары Саян Келдібеков, сондай-ақ құқық қорғау және бақылау-қадағалау органдарының басшылары, кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен өңірдің іскер қауымдастығы қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес климат құру, мемлекеттік органдардың есептілігін арттыру және билік пен бизнес арасындағы сындарлы диалогты дамыту болды.

Алғашқы сөзінде облыс әкімінің орынбасары Талғат Козбеков Мемлекет басшысының «Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет» деген тапсырмасына тоқталып, бүгінгі кездесу осы бағыттағы нақты қадам екенін атап өтті.

Облыс прокуратурасы Қоғамдық мүддені қорғау басқармасының басшысы Болат Жұмағалиев бизнесті қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаса, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктерге тоқталды.

Сонымен қатар Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, Кәсіпкерлер палатасының, полиция департаментінің, мемлекеттік кірістер департаментінің және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарларымен бөлісті.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова өз баяндамасында өңірлік палатаға 2025 жылдың 8 айында 124 арыз-шағым түскенін, оның 51 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, жалпы сомасы 236,5 млн теңге көлемінде мүліктік құқықтары қорғалғанын атап өтті.

«Өңірде бизнесті қолдау мен қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, бақылау-қадағалау органдары тарапынан кәсіпкерлікке қатысты тексерулер әлі де жиі жүргізілуде. Біз үшін басты мақсат – кәсіпкерлерге әкімшілік қысым көрсетуді азайтып, профилактикалық түсіндіру шараларын күшейту», – деді ол.

Кездесу барысында кәсіпкерлер көкейдегі сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерін ортаға салды. Мемлекеттік органдар тарапынан нақты жауаптар беріліп, ұсыныстар хаттамалық шешімге енгізілетін болды.

Бұл шара «Бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдында бірыңғай есеп беру күні» аясында өтті. Оның мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнаманың міндетті талаптарын бұзушылықтардың алдын алу және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру.

Кездесу соңында облыс әкімдігі атынан кәсіпкерлерге ашық алаңда пікір алмасқаны үшін алғыс айтылып, мемлекеттік органдар тарапынан бизнесті қорғау және қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174