«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Үлкен әлеуеті бар жергілікті брендтер

2025 жылғы 06 Қазан
- Атырау облысы
229 просмотров

Атырауда Қала күніне орай «Атырауда жасалған» атты көрме-жәрмеңке өтті. Іс-шараны қала әкімдігі мен өңірлік Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

Шараға құрылыс және металл бұйымдарынан бастап киім, азық-түлік және дизайнерлік топтамаларға дейін түрлі тауарлар ұсынған 101 кәсіпкер қатысты. Жәрмеңке тек сауда алаңы ғана емес, сонымен қатар жергілікті кәсіпкерліктің нағыз көрмесіне айналды. Бұл жергілікті өнімдердің сапасы мен бағасы жағынан сырттан әкелінген тауарлармен бәсекелесе алатынын көрсетті.

Көрменің жарқын қатысушыларының бірі – «Назар» ЖК басшысы Айнұр Торежанова. Оның компаниясы 16 жылдан бері ортопедиялық матрастар мен төсек орындарын шығарып келеді. Кәсіпорынның 1100 шаршы метрлік жеке цехы мен 8 маманнан тұратын ұжымы бар. Өндіріс қажетті станоктармен толық жабдықталған, бұл 45 түрлі матрас үлгісін, сондай-ақ жастықтар, көрпелер және төсек жиынтықтарын шығаруға мүмкіндік береді.

«Шикізат Алматыдан алынады, ал дайын өнім қала тұрғындары мен Теңіз кен орнындағы ұйымдарға – қонақүйлерге, жатақханаларға және басқа қажеттіліктерге сатылады. Сондай-ақ компанияның Атырауда жеке дүкені бар. Өнімдеріміз импорттық баламалардан кем түспейді, керісінше, бағасы мен дайындалу уақыты жағынан ұтады. Бұл – жолдасым негізін қалаған отбасылық кәсіп. Ол арнайы оқудан өтіп, бизнесті іске қосты», – деді кәсіпкер.

Тағы бір табысты жергілікті бренд – «Карат LLP» ЖШС тігін өндірісі. Компания өз жұмысын 2005 жылы өз қажеттілігі үшін арнайы киім тігуден бастаған, ал 2018 жылы сыртқы нарыққа шықты. Бүгінде кәсіпорынның 2000 шаршы метрлік цехында шамамен 100 адам вахталық әдіспен жұмыс істейді.

Көрмеде олар арнайы киімдермен қатар, «Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясы үшін ұлттық нақыштағы, шетелде өнер көрсететін қазақстандық боксшыларға арналған костюмдерді ұсынды. Бұл киімдер еліміздің ерекшелігі мен мәдени кодын айшықтайды.

«Біздің тігін цехымыз барлық түрдегі арнайы киімдерді – корпоративтік үлгіден бастап, түрлі өндірістерге бейімделген нұсқаларға дейін тігеді. Қажет болған жағдайда команда клиенттерге үлгілерді әзірлеуге және мата таңдауға көмектеседі. Өнімдер тек өңірге ғана емес, Қазақстанның басқа облыстарына да жеткізіледі. Алдағы жоспар – Ресей нарығына шығу», – деді тігін өндірісінің жетекшісі Самат Алтынбеков.

Іс-шара шеберлік сабақтарымен, дизайнерлік топтамалар көрсетілімімен және «Халық дауысы» байқауымен сүйемелденді, мұнда келушілер ең үздік азық-түлік өнімін таңдады. Сонымен қатар, банктер мен қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлерге бизнесті қолдау мен несиелеу мәселелері бойынша кеңес берді.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, көрме-жәрмеңкені өткізудегі бастама – жергілікті өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті ынталандыру және Атырауда өндірілген өнімдерді ілгерілету. Мұндай шаралар аймақтық экономиканы нығайтудың және жергілікті брендтерге жаңа мүмкіндіктер ашудың маңызды алаңына айналуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174