Қазақстандық брендтер бірінші сөреге: ішкі нарықта жаңа мүмкіндіктер енгізілді
Биыл 26 қыркүйектен бастап Қазақстанда Ішкі сауда ережелеріне өзгерістер енгізілді, бұл ұлттық бизнесті қолдауда маңызды қадам болды. Енді ірі және орта деңгейдегі сауда нысандарында (1-4 санаттағы) сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кем дегенде 30%-ы қазақстандық тауарларға арналған болуға тиіс – бұл азық-түлік және азық-түлік емес өнімдерге қатысты.
Бұл ретте ірі сауда желілерінің сөрелерінде отандық тұрмыстық химия, косметика, мата және тоқыма өнімдері, үйге арналған тауарлар және тағы басқа өнімдер көбейеді, бұл жергілікті кәсіпкерлерге тікелей қолдау болмақ. Енді кез келген қазақстандық өндіруші немесе сауда өкілі жазбаша өтініш жіберіп, өз өнімдеріне сауда алаңын алуға мүмкіндік алады. Бұл нақты механизм отандық бизнес үшін кедергілерді жойып, сөрелерге теңдей қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Мұндай шаралар, әсіресе, ұзақ жылдар бойы бөлшек сауда желілеріне шығуда қиындықтарға тап болып жүрген өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары үшін өзекті.
«Осы арқылы жергілікті өндірушілерге тікелей қолдау көрсетуге және ұлттық брендтердің өзімізге таныс сауда нүктелерінде көбірек көрінуіне мүмкіндік береді. Аталмыш шешім өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде химиялық сала өндірушілері үшін көптен күткен қадам», – деді «Парфюмериялық-косметикалық өнімдерді және тұрмыстық химия тауарларын өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті Наталья Богомазова.
Жаңа ережелер 1-4 санаттағы сауда нысандарына қатысты: сауда алаңдары 10 000 м²-ден астам гипермаркеттерден алаңдары 100 м²-ден 500 м²-ге дейінгі дүкендерді қамтиды. Ал, 5-санаттағы (100 м²-ден аз) шағын сауда нүктелері тізімге кірмейді. Өзгертулер көлемі үлкен, сатылым мен тұтынушы ағымы көп сауда форматтарына бағытталған, бұл олардың ауқымды әсерін қамтамасыз етеді.
ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Гүлмира Қажыбекованың айтуынша, қазақстандық тауарлардың сауда желілерінде кеңінен таныстырылуы сатылымның өсуіне, жергілікті брендтердің танымалдығының артуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына және импорт көлемінің қысқаруына ықпал етеді.
Айта кетсек, бұл шешімнің қабылдануына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыс ықпал етті. Маңыздысы, бұл қолдау жоғары деңгейде бекітілді: 2024 жылдың 8 қарашасында «Атамекен» ҰКП-ның Кәсіпкерлік форумында өткен көрмеге премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, оң баға берді. Бүгінде бизнес пен мемлекеттің өзара әрекеті нәтижесінде отандық өнімдердің бөлшек саудада тұрақты орын алуын қамтамасыз ететін механизм жүзеге асырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: