«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Аймақтың мал азығы өндірісін дамытуда бизнес пен ғылым бірігуде

2025 жылғы 08 Қазан
- Ақтөбе облысы
151 просмотров

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанның қуаңшылық жағдайында сапалы сүрлем дайындаудың тиімді тәсілі» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара «АБН Технология» ЖШС мамандары мен Батыс Қазақстанда озық технологияларды насихаттап жүрген ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Алдаберген Бакиұлы Нұғмановтың бастамасымен, облыс әкімдігі мен өңірлік «Атамекен» палатасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Семинарға қатысушыларға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз арнап, агросалада заманауи технологияларды енгізудің өзектілігі мен жемшөп өндірісінің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің өңірге жауын-шашынның тұрақсыздығы мен тапшылығы, ауаның және топырақтың жоғары құрғақтығы тән. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үнемі қуаңшылық пен аңызақ қаупімен қатар жүреді. Облыстың негізгі бағыты — белсенді дамып келе жатқан мал шаруашылығы, ал бұл сала үшін сенімді әрі тұрақты жемшөп базасы аса маңызды. Соңғы жылдар климаттың қаншалықты құбылмалы екенін көрсетті, бұл мал шаруашылығының дамуына қауіп төндіреді. Өйткені сапалы жем — малдың саулығының, өнімділігінің және сайып келгенде бүкіл өндірістің тиімділігінің кепілі. Бүгінгі мақсатымыз — тәжірибе алмасып қана қоймай, ылғал тапшылығы жағдайында жемнің құнарлылығын сақтауға, шығынды азайтуға және кәсіпорындарда тұрақты қор қалыптастыруға мүмкіндік беретін нақты, тәжірибеде дәлелденген технологияларды талқылау», — деді Ғалымжан Елеуов.

Семинарға өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, аграрлық сала мамандары мен ғалымдар, сондай-ақ Ресейдің «Краснокамский РМЗ» компаниясының өкілдері қатысты.

Бағдарлама барысында жемшөп өндірісін дамытудың түрлі бағыттарын қамтитын бірқатар баяндамалар ұсынылды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «АБН Технология» ЖШС агроном-кеңесшісі Алдаберген Нұғманов «Заманауи технологиялар – агробизнесте тәуекелдерді тиімді басқарудың негізі» тақырыбында баяндама жасады. Ал техникалық ғылымдар кандидаты Әділжан Нұғманов «Қуаңшылық жағдайында энергиясы жоғары жем өндірудің өзекті аспектілері» тақырыбында сөз сөйледі.
Сонымен қатар жергілікті ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Кумкудук» ЖШС директоры Александр Чемоданов қуаң аймақтарда жем өндіру және сақтау мәселелерін көтерді. «Иманғали» шаруа қожалығының басшысы Марат Ұңғарбеков шөлейтті аймақтардағы жем өндіру тәжірибесімен бөлісті. Ал «Краснокамский РМЗ» өкілдері Қазақстан жағдайына бейімделген сүрлем дайындау технологиясын таныстырды.

Семинар барысында жемшөп дақылдарының егіс құрылымын жетілдіру, жоғары өнімді жүгері, дәндік, мал азықтық және шөптесін сорго гибридтерін көбейту қажеттілігі атап өтілді. Сондай-ақ жүгері мен соя қоспасын, мал азықтық соргоны жартылай шөл және шөлді аймақтарда суару мен пленка астында өсірудің маңызы айтылды.

Алдаберген Нұғмановтың айтуынша, сорго егісін кеңейту — сапалы жем өндірудің кепілі, себебі бұл дақыл құрғақшылыққа төзімді және аз ылғал жағдайында да өнім береді.

Іс-шара соңында «сұрақ–жауап» сессиясы өтіп, қатысушылар пікір алмасты, ұсынылған технологияларды енгізудің практикалық қырларын талқылады.

«Мұндай семинарлар ғалымдар мен тәжірибелі мамандар арасындағы білім алмасуға, инновациялық тәсілдерді дамытуға және өңірдің аграрлық секторын тұрақты дамыту мақсатында бизнес пен ғылымның өзара іс-қимылын нығайтуға ықпал етеді. Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған бастамаларды қолдауға дайын. Себебі аграрлық өндірістің дамуы – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының кепілі», — деп атап өтті Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174