«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық палатада жаңа «Мемлекеттік сатып алу» туралы Заңды қолданудың алғашқы нәтижелері талқыланды

2025 жылғы 22 Қазан
675 просмотров

«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында, төраға Қайырбек Сүлейменовтің басшылығымен 2025 жылы күшіне енген жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды қолданудың алғашқы нәтижелері қаралды.

Аталмыш Заң рәсімдерді оңтайландыруға, олардың ашықтығын арттыруға және шағын және орта бизнестің (ШОБ) мемлекеттік сатып алуға қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Жыл басынан бері бұл салада оң серпін байқалуда: қаңтар-мамыр айларында 845 мың келісімшарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға көп. ШОК субъектілерімен жасалған келісімшарттар саны 13,5 есе артты, ал жалпы сатып алу көлемі екі есе өскен. Тендерлік рәсімдерді цифрландыру және автоматтандыру процестерді жылдамдатып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етуде. Алайда, құқықтық қолдану тәжірибесін талдау реформаның мақсаттарына жетуге кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселені анықтады.

Бұл ретте мемлекеттік сатып алуға қатысты сот дауларының саны 54%-ға өскен, бұл әділеттілік пен реттеу мәселелерінің әлі де бар екенін көрсетеді. Істердің жартысынан астамы соттармен қанағаттандырылады, оның ішінде көпшілігі келісімшарт жасалғанға дейінгі кезеңге қатысты болып отыр.

Goszakup.gov.kz порталында 2025 жылдың жеті айында 16,7 мың шағым тіркелген, олардың басым бөлігі қанағаттандырылмаған. Бұл жағдай сотқа жүгіну жағдайларының көбеюіне әкеліп отыр. Шағымдардың негізгі себептері – «қара тізімге» енгізу, тендерге жібермеу және тапсырыс берушілердің даулы шешімдері.

Кеңес тараптардың жауапкершілігі арасындағы теңсіздікке назар аударды: үлгілік келісімшартта мердігерге 19 міндет, ал тапсырыс берушіге тек 7 міндет жүктелген. Бұл ретте айыппұл мен өсімпұл тек жеткізушіге қарастырылған. Мұндай жағдай тауарлар мен көрсетілген қызметтердің ақысын төлемеу деректеріне әкелуде. Кеңес заң жүзінде тапсырыс берушілердің де жауапкершілігін бекітуді ұсынды.

Бірқатар мәселе білім беру мекемелеріндегі тамақтандыруды ұйымдастыру саласында да анықталған. Кейбір тапсырыс берушілер сот шешімдерін елеместен, конкурстық қорытындыларды қайта қараудың орнына конкурсты қайта жариялауда. Кеңес сот шешімдерін қайталама рәсімдерсіз орындау талабын енгізуді ұсынды.

Отырыста қатысушылар аффилирленген тұлғаларды анықтаудың тым кең ауқымда түсіндірілетініне де назар аударды. Соның салдарынан кәсіпкерлер «қара тізімге» енген серіктес компаниялармен формалды байланысы болғаны үшін де тендерге қатысу құқығынан айырылуда. Кеңес жеке жауапкершілікті қамсыздандыруды және ұжымдық жазалауды мүлде алып тастауды ұсынды.

Сонымен қатар, келісу комиссияларының қызметін бақылаудың жоқтығы шағымдарды қарау мерзімдерінің ұзаққа созылуына әкелуде. Кеңес салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысуын міндеттеуді, мерзімдердің бұзылуына байланысты жауапкершілік енгізуді және комиссия құрамының жариялылығын қамтамасыз етуді ұсынды.

Қазынашылық пен мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйелеріндегі техникалық ақаулар, сондай-ақ өтінімдерді негізсіз қабылдамауға себеп болып отырған рейтингтік модельдегі қателіктер де ерекше аталды. Кеңес қате анықталған жағдайда нәтижелерді автоматты түрде жоюды енгізуді және цифрлық платформаларды нақты уақыт режимінде синхрондауды ұсынды.

Сатып алуға қатысушыларға қойылатын қаржылық талаптарды қайта қарауға да кеңес берілді. «Қайнар-АКБ» ЖШС мысалында қатысушылар қаржылық жағдайды бұрмалауы себебінен, төленген салықтар көрсеткішін есептеу кезінде қайтарылатын ҚҚС-ты алып тастау қажеттігін атап өтті.

Валюталық тәуекелдерге де ерекше көңіл бөлінді: теңгемен белгіленген тұрақты бағалар валюта бағамының ауытқуы кезінде жеткізушілерге қосымша шығын әкеледі. Кеңес экономикалық ахуал айтарлықтай өзгерген жағдайда бағаларды қайта қарау мүмкіндігін заңдастыруды ұсынды.

Құрылыс саласында кәсіпкерлер барлық жұмыс түрлері мен жабдықтарға бірдей белгіленген 7 жылдық кепілдік мерзімге қатысты алаңдаушылық білдірді. Кеңес нысанның ерекшелігі мен қызмет ету мерзімін ескере отырып, кепілдік міндеттемелерге сараланған тәсіл енгізуді ұсынды.

Жалпы, отырысқа қатысушылар жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң бизнестің белсенділігі мен ашықтығын арттырғанын, алайда бірқатар проблемалық мәселенің, оның ішінде кәсіпкерлердің шектеулі қолжетімділігі, тапсырыс берушілердің жеткіліксіз жауапкершілігі, шағымдану рәсімдерінің жетілмегендігі, техникалық ақаулар, тиімсіз рейтингтік модель, экономикалық тәуекелдерді ескеретін тетіктердің болмауы сияқты проблемалардың әлі де шешімін таппағанын атап өтті.

Жаңа заңнаманы қолдану барысында кәсіпкерлердің құқығын қорғау тиімділігін арттыру мақсатында Кеңес келесі ұсынымдарды берді:

Қаржы министрлігіне – тапсырыс берушілердің жауаптылығын күшейте отырып, электрондық жүйелерді синхрондауды және бақылауды цифрландыруды, құрылыс саласындағы кепілдік мерзімдерін саралауды, сондай-ақ келісу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып,  «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға және Ережелерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Сондай-ақ, қаржылық критерийлерді қайта қарап, ұзақмерзімді келісімшарттарда экономикалық және валюталық тәуекелдерді ескеру және бизнестің қатысуына қойылатын негізсіз шектеулерді жою ұсынылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне – мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы және қызметкерлердің этикалық нормаларын сақтау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу ұсынылды.

Оқу-ағарту министрлігіне – тапсырыс берушілерге сот шешімдерін орындау міндетін жүктеп әрі қайта конкурс өткізу тәжірибесін алып тастай отырып, мектептегі тамақтандыру ережелеріне өзгерістер енгізу ұсынылды.

«Самұрық-Қазына» АҚ-на – эксперттік комиссияларды құру кезінде ашықтықты қамтамасыз ету және бизнес-қауымдастық өкілдерінің қатысуын ұйымдастыру ұсынылды.

Кеңес отырысының құжаттары әрі қарай қарау үшін Президент Әкімшілігіне және Үкімет Аппаратына жолданды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174