«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО бизнесі Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін енгізу бойынша жүйелі тәуекелдерді атады

2025 жылғы 06 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
309 просмотров

ШҚО кәсіпкерлер палатасында машина жасау кеңесінің отырысы өтіп, өңір кәсіпорындарының өкілдері Қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа тізіліміне көшуге байланысты туындап отырған проблемалық мәселелерді талқылады. Бұл механизм 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылып, кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін айқындауы тиіс.

Талқылау барысында бизнес-қауымдастық реттеушілік жүктеменің жоғары деңгейіне және жаңа құралды енгізу кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерге алаңдаушылық білдірді.

Сала өкілдерінің айтуынша, бірқатар нормалар пысықталмаған жағдайда Тізілімді енгізу 2026 жылдың I тоқсанында кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуларға қатысуына кедергі келтіруі ықтимал.

Қатысушылар көтерген негізгі мәселелер қатарында: индустриялық сертификат иелерін Тізілімге автоматты түрде енгізу қажеттігі; бұрын өндірілген дайын өнімді, оның өндіріс процесіне қатысты бейнематериалдар болмаған жағдайда, Тізілімге енгізу мүмкіндігі; өндірістік қуаттарды бағалау әдістемесінің және «жаңа өндіріс» критерийлерінің айқын болмауы; локализация деңгейін және ел ішіндегі құндылық үлесін (ДВЦ) айқындаудың нақты тетігінің жоқтығы; кәсіпорындарды өндірістік қызметінің төмен, орта және жоғары көрсеткіштері бойынша жіктеу мәселесіндегі түсініксіздік; Тізілімді енгізу процесі толық пысықталғанға дейін мемлекеттік сатып алуларды уақытша шектеу қажеттігі, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Жеке пікірталас блогы локализацияны растау үшін өндірістік процестерді бейнефиксациялау талаптарына арналды. Бизнес өкілдері өндірістің әрбір учаскесіне камера орнату талабы қосымша қаржылық шығындарды талап ететінін, сондай-ақ көптеген кәсіпорындар үшін техникалық және экономикалық тұрғыдан орындалуы қиын міндет екенін атап өтті.

«Талаптарды сөзбе-сөз орындайтын болсақ, кәсіпорын ондаған өндірістік учаскені камералармен жабдықтап, бейнематериалдарды сақтау және беруді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл өндірісшілердің мүмкіндіктеріне сай келмейтін қымбат жобаға айналады», - деп атап өтті отырысқа қатысушылар.

Отырыс қорытындысы бойынша ШҚО кәсіпкерлер палатасы бизнес көтерген проблемалық мәселелерді жүйелеп, бірыңғай консолидталған тізімді «Атамекен» ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп департаментіне жолдайтын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174