«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Салықтық ынталандырулар және ҰТК: кәсіпкерлер Серік Жұманғаринге өзекті мәселелерімен жүгінді

2025 жылғы 26 Қараша
178 просмотров

Ұлттық экономика министрі еңбек қатынастарын заңдастыру және сауданы цифрландыру мәселелері бойынша бизнестің сынына жауап берді.

«Аманат» партиясының қоғамдық қабылдауында бизнес-қауымдастық өкілдері Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге өз мәселелерімен жүгінді. Бейінді ведомстволардың өкілдері экономикалық реформалардың екі негізгі бағыты бойынша өз ұстанымдарын білдірді: микро және шағын бизнеске арналған қосымша салықтық ынталандыруларды енгізу және Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) міндетті енгізу. Талқылау кезінде мемлекеттік көзқарас пен кәсіпкерлердің нақты мәселелері арасындағы айтарлықтай алшақтық анық көрінді.

Талқыланған негізгі мәселелердің бірі – еңбекақы төлеу қорының (ЕТҚ) сомасын оңайлатылған декларация аясында шегерімдерге қосу жөніндегі ұсыныс.

Бұл ұсыныстың мақсаты – микро, шағын және орта бизнес субъектілерінің бір бөлігі азаматтармен еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдеуін қамтамасыз ету.

Мемлекет бұл шараны орынды деп санайды, өйткені оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін шағын және орта бизнес салықтық міндеттемелерді азайтудың немесе айналып өтудің құралы деп қаралмауға тиіс.

Бұған дейін әртүрлі нұсқалар талқыланған еді, соның ішінде жалпыға бірдей белгіленген режимдегі сатып алушы үшін B2B сегменті бойынша шығындарды 40–80% көлемінде шегерімге жатқызу мүмкіндігі қарастырылған болатын. Алайда соңында бұл ойдан бас тартылды.

Қазақстан Руспубликасындағы жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету қауымдастығының президенті, «Атамекен» ҰКП Кеңесінің мүшесі Владимир Быковтың айтуынша, егер заңдастыруға арналған қосымша тетік енгізілсе, ол оңайлатылған салық режимін қолданатын барлық тұлғаларға бірдей қолданылуға тиіс. Қазіргі жағдайда салықтық реттеу орта және шағын бизнеске әртүрлі әсер ететіндіктен, бұл нарықта әділетсіздік туғызады.

Серік Жұманғарин кәсіпкерлердің сынына жауап бере отырып, олардың өздеріне сұрақ қойды:

«4% мөлшеріндегі, ал кей өңірлерде 3% немесе 2% көлеміндегі салық мөлшері мемлекеттің ертең сізге жеке тұлға ретінде қамқорлық жасауына жеткілікті ме? Сіз емханаға барғанда, балаларыңыз мектепке барған кезде, әлеуметтік қолдау қажет болғанда осы қаражат жеткілікті бола ма? Жетпейді».

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, оңайлатылған режимде жұмыс істейтін субъектілер – әлеуметтік қызметтерді алушылар. Ал, мемлекеттік бюджет шығыстарының 60%-дан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл жүктеменің негізгі бөлігін жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін орта және ірі бизнес көтереді.

«Атамекен» ҰКП салықтық реттеу мәселесі бойынша жұмысты жалғастырады.

Сауданы цифрландыру – Ұлттық тауарлар каталогын енгізу

1 қаңтардан бастап ҰТК енгізу және тауар карталарын міндетті түрде қолдану туралы нормативті талап бизнес ортада едәуір алаңдаушылық тудырып отыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, ҰТК жүйесі өте күрделі. Сауда субъектілері тауар картасына ақпарат енгізуде техникалық қиындықтарға, қолданыстағы бақылау-касса машиналарымен интеграцияның болмауына және ҰКТ ақпараттық жүйесінің ара-тұра «қатып қалуы» сияқты техникалық мәселелерге тап болып отыр.

«Пилоттық жұмыс импорттаушылар мен өндірушілерден басталып, кейін көтерме саудаға, содан соң ғана бөлшек саудадажүргізуге тиіс еді. Пилотты тағы бір жылға ұзартуды сұраймыз», – деді бизнес-қауымдастық өкілі Оксана Варвенюк.

Кездесу барысында техникалық қиындықтар да атап өтілді. Бұл —қолданыстағы ескі үлгідегі кассалық аппараттарды қайта бағдарламалау мәселесі. Бұл ретте кәсіпкерлердің бәрі бірдей банктерден кассалық аппаратты тегін ауыстыру мүмкіндігін ала бермейді, оны тек табысы салыстырмалы түрде тұрақты кәсіпкерлер ғана алады.

Сонымен қатар құжат айналымына қатысты мәселелер де бар. ҰТК коды бар электронды шот-фактура 15 күннің ішінде келеді, алайда тауарды сатылымға еш кідіріссіз қою қажет болуы мүмкін.

Мәселен, 15 қарашада жөнелтілген ҰТК коды бар тауарларды тіркеу өтінімдері үш күндік мерзім белгіленгенімен, Электрондық қаржы орталығында әлі де қаралуда.

Вице-премьер СИМ-ге «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, 2025 жылдың 10 желтоқсанына дейін барлық жауапты мемлекеттік органдарды, екінші деңгейлі банктерді, кәсіпкерлерді және басқа да мүдделі тараптарды жинап, бизнестің туындап отырған мәселелерін жан-жақты қарастырып, ҰТК-мен байланысты барлық нормалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Меморгандардың түсіндірмелері және кепілдіктері

Сауда министрлігінің түсіндіруінше, каталог – бұл көпдеңгейлі жүйенің бір бөлігі әрі бизнестің жұмысын жеңілдетуге бағытталған құрал.

«Каталогқа әлі енгізілмеген тауарлар үшін уақытша идентификатор енгізілген, ол тауарды сатуға және бизнестің тоқтап қалмауына мүмкіндік береді. Қазір ҰТК-де 10 млн тауар картасы бар, тағы 12 млн өңделуде», – деді Сауда министрлігінің өкілі Әсет Нүсіпов.

Министрліктің мәліметінше, орнында дайындалатын тағамдарды, өлшенетін тауарларды және тірі жануарларды ҰТК-ге енгізу талап етілмейді.

«Барлық мәселелерді тестілеу және шешу үшін жүйені 1 қаңтардан бастап енгізу мерзімін қайта қарауды, ұзартуды немесе кейінге қалдыруды сұраймыз», – деді Тимур Жаркенов Серік Жұманғаринге.

Кездесу қорытындысы бойынша жақын уақытта «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен кеңес өткізу туралы шешім қабылданды. Іс-шараға Сауда министрлігі, банктер және басқа да мүдделі ұйымдар қатысып, ҰТК бойынша барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талқыламақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174