«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан жалған сертификаттармен күресіп, нарықты қауіпті тауарлардан қорғауда: қылмыстық істер қозғалды

2025 жылғы 10 Желтоқсан
735 просмотров

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа интеграцияланған жүйе жалған құжаттарды бірден анықтайды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен тиісті мемлекеттік органдар елге сертификатталмаған өнімдердің жаппай әкелінуіне қарсы күрестің шешуші кезеңі басталатынын мәлімдеді.

Жосықсыз импорттаушылар жалған сәйкестік құжаттарын пайдаланып, отандық нарықты цемент, тас өнімдері, жиһаз және тіпті киім-кешекпен де толтырып отыр. Мұндай әрекет тұтынушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, отандық өндірушілерге залалын тигізуде.

Координация және қосвекторлы тәсіл

Бизнес тарапынан көтерілген аталмыш мәселе «Атамекен» ҰКП алаңында өткен бірқатар кеңесте қаралды. Жиынға ҚР ІІМ, ҚР СИМ жанындағы Техникалық реттеу және метрология комитеті (ТРМК) және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті қатысты. Нәтижесінде саладағы бұзушылықтардың себебін жоюға бағытталған әрі жедел шараларды қамтитын кешенді қосвекторлы жоспар жасалды.

«Заңсыз импорт тек заңды бұзып қана қоймай, әділ бәсекенің негізін шайқалтып, құрылыс нысандары мен тұтыну тауарларының сапасына күмән тудырады. Біздің міндет – алаяқтар пайдаланып жүрген олқылықтарды жою», – деп атап өтті ҰКП Техникалық реттеу департаментінің басқарушы директоры Ерік Жалманбетов.

МКК-нің «КЕДЕН» және ТРМК-нің «Е-КТРМ» ақпараттық жүйелерін жедел интеграциялау жағдайды түбегейлі өзгерте алады. Бұған дейін базалар арасында тікелей электрондық байланыстың болмауы импорттаушыларға кедендік бақылау кезінде адами факторға сүйеніп, жалған сертификаттарды қолдануға мүмкіндік берген еді.

МКК мәліметінше, жүйелерді тестілеу кезеңі аяқталуға жақын, ал толыққанды интеграцияланған платформаны іске қосу 2026 жылдың 1 қаңтарына жоспарланып отыр.

Бизнес жаңа жылдан бастап МКК-ден сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар (СЭҚ) ұсынатын барлық сертификаттар мен декларацияларды «Е-КТРМ» ресми базасымен автоматты түрде тексеруді талап етуде. Бұл жалған құжаттарды бірден анықтауға мүмкіндік бермек.

Қылмыстық жауапкершілік тағайындалуда

Цифрландырумен қатар, ҚР ІІМ белсенді іс-шараларға кірісе бастады. Сертификация саласындағы бұзушылықтар алғаш рет әкімшілік жазадан қылмыстық жауапкершілік аясына ауысты.

Осылайша, ҚР ҚК 385-бабы 1-бөлігі бойынша ресми құжаттарды қолдан жасау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жұмыстарын Сарыарқа аудандық полиция басқармасы (Астана) және Алматы қаласы Жетісу ауданының полиция басқармасы жүргізуде.

Министрлік тергеулер бойынша барлық кінәлі тұлғаларға қатысты процессуалдық шешім қабылдана отырып, іс соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Техникалық реттеу комитеті заң бұзған тұлғалардан өнімді тәркілеу құзыретіне ие екенін атап өту қажет.

Отандық цемент және құрылыс материалдарын өндірушілерді қорғау мәселесі де өзекті болып отыр. Бизнес цемент өнімдеріне «қызыл дәліз» (міндетті тексеру және толық құжаттық бақылау) енгізуді талап еткен еді.

Әзірге «қызыл дәліз» енгізілмегенімен, МКК 2025 жылдың қазанынан бастап сертификаттардың түпнұсқалығын тексеруге бағытталған арнайы тәуекел профилі енгізілетінін мәлімдеді. «Қызыл дәліз» мәселесі 2026 жылдың І тоқсанында жаңа интеграцияланған АТ-жүйенің тиімділігіне қарай қайта қаралады.

Мемлекеттік сатып алулардағы реформалар: сапасыз өнімге жол берілмейді

Сапасыз өнімдердің мемлекеттік және ірі жеке жобаларға еніп кетуіне жол бермеу үшін ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар және нысандарды қабылдау туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді қарастыруда.

Ұсынысқа сәйкес, бас мердігерлер объектіні тапсыру кезінде ғана емес, пайдаланылған материалдар үшін шот-фактураларды ұсыну кезеңінде де сәйкестік сертификаттары мен сынақ хаттамаларын көрсетуге міндеттелмек. Бұл сертификатталмаған материалдарға төлем жасауды болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, заңды тексерулерге кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселесі талқылануда.

Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттің «көлеңкелі» схемаларды жоюға, отандық өндірісті қорғауға және Қазақстан аумағына әкелінетін тауарлардың сапасын қамтамасыз етуге деген ұмтылысын анық көрсетеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174