«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте Жұмысшы мамандықтар жылының жабылу салтанаты өтті

2025 жылғы 31 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
1181 просмотров

Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, білім беру ұйымдарының жетекшілері, студенттер қатысты.

Іс-шарада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Қала әкімінің орынбасары техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы, дуальды оқыту жүйесіндегі, білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы өзара әріптестікті нығайту бағытындағы негізгі жетістіктерді атап өтті. Сәрсен Құранбек өз саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген өндірістік оқыту шеберлерін, педагогтер мен белсенді студенттерді марапаттады.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова қазіргі таңда өңірімізде жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын айтты.

«Өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету, агроөнеркәсіп салаларында сапалы, білікті кадрларға қажеттілік негізгі мәселенің бірі болып отыр. Алдағы уақытта кәсіпорындардың тұрақты дамуы дәл осындай кәсіби мамандарға тікелей байланысты болмақ. Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, дуальды оқыту, тәлімгерлік және практикалық даярлықты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады. Еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабылетті маман даярлау – ел болашағына жасалған инвестиция. Жалпы, өңіріміздің экономикалық дамуына, республикамыздың өркендеуіне үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген барлық кәсіпорын мамандарына, әлеуметтік серіктестерге, ұстаздар қауымына, жаңалықты меңгеруге құмар, қоғам алдындағы жауапкершілігін жас жүрегімен сезіне білетін жастарымызға алғысымды білдіремін!», – деді Сабира Адамбекова.

Кәсіпкерлер палатасының директоры «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан ұйымдастырылған «Кәсіби маман» конкурсының «Үздік тәлімгер», «Үздік кәсіпорын», «Үздік колледж» номинацияларының жеңімпаздарын марапаттады:

* «Үздік тәлімгер» номинациясының жеңімпазы – Жанна Байтелиева, «Шымкент креативті индустрия қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы;

* «Үздік кәсіпорын» номинациясының жеңімпазы – Клара Санджарова басқаратын «ALLIANCE» сауда-өндірістік компаниясы ЖШС;

* «Үздік колледж» номинациясының жеңімпазы – Гүлмира Тағаева басқаратын Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі.

Сонымен қатар, дуальды оқыту жүйесінің аясында студенттерге қаржылай еңбекақы төлеген «Гауһар» тігін фабрикасы» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Qut-Bereke Qurulus» компаниясы» ЖШС, «Ладушки» ЖШС-не, дуальды оқытуға жұмылдырылған студенттердің үлес салмағы басым Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі, Жол-көлік колледжі, Политехникалық колледжі, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы жанындағы медициналық колледж және «Парасат» колледжінің өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды.

Жұмысшы мамандықтар жылының жабылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174