Заң шын мәнінде жұмыс істегенде: Алматыда кәсіпкерлер қалай қорғалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырдағы Жолдауында маңызды қағидатты атап өтті: экономика қорқыныш, белгісіздік және бизнеске қысым жағдайында тұрақты дами алмайды. Кәсіпкерлерге айқын ережелер, сенімділік және мемлекет тарапынан қолдау сезімі қажет.
Дәл осындай тәсіл бүгінде Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысында көрініс табуда. Бұл формалды өзгерістер мен құрғақ статистика туралы емес, құқық қолдану тәжірибесін және бизнеске деген көзқарасты нақты өзгертетін шынайы қадамдар жайлы.
Соңғы жылдары іскерлік ахуалға тікелей әсер ететін бірқатар шешімдер жүзеге асырылды. Жекелеген экономикалық құқықбұзушылықтар қылмыстық сипаттан шығарылды, салық берешегі ерікті түрде өтелген жағдайда қылмыстық істерді тіркеу шектелді, ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы нормаларды кәдімгі шаруашылық қызметке қолдану алынып тасталды. Басым бұлтартпау шарасы ретінде кепіл белгіленіп, бұл кәсіпкерлерге бизнес-процестерді тоқтатпай, қызметін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Аталған өзгерістер нақты нәтиже көрсетті. Кәсіпкерлік саласындағы қылмыстық істер саны шамамен 58 пайызға қысқарды. Сонымен қатар, баламалы бұлтартпау шараларын қолдану кеңейіп, соттардың қамауға алу туралы өтініштерді қанағаттандыру үлесі 63,5 пайызды құрады. Бизнес үшін бұл — үлкен болжамдылық пен сенімділік, ал экономика үшін — сақталған кәсіпорындар, жұмыс орындары және инвестициялар.
Өңірлік деңгейде де бұл жұмыстың өлшенетін нәтижелері бар. 2025 жылдың 12 айында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі 14 отырыс өткізді, ал алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 12 болған. 2024 жылғы 22 мәселеге қарағанда, 33 мәселе қаралып, оның 21-і бойынша оң шешім табылды. Тиімділік өсімі 40 пайызды құрады.
Осы кезеңде 17 129 кәсіпкердің құқықтары қорғалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,27 пайызға көп. Қорғалған мүліктік мүдделердің жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңгені құрап, 10 пайыздан астамға артты. 109 заңсыз нұсқама және 264 заңсыз профилактикалық бақылау нәтижелері жойылып, бизнестің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. 80 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды — бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті есе көп.
Кәсіпкерлердің құқықтарын құқықтық алаңда қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Палата өкілдері сот процестеріне қатысып, олардың аясында 48 млн теңге сомасына кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды. Сонымен қатар, әкімшілік істер, оның ішінде сот тәртібімен де тоқтатылды.
Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес пен мемлекет арасындағы диалог үшін ашық алаң болып қала береді. Кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау, кеңес алу және күрделі құқықтық әрі әкімшілік мәселелер бойынша сүйемелдеу үшін Палатаға жүгіне алады.
Әрбір өтініш салалық сарапшылар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен жеке тәртіпте қаралады. Тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкер жалғыз қалмайды — оны сүйемелдейді, қорғайды және заңды шешімдер табуға көмектеседі.
Бизнесті қорғау жұмысы жалғасуда. Жақын уақытта «Атамекен» палатасы жұртшылықты нақты кейстермен — диалог, құқық және жауапкершілік нақты нәтиже беретін шынайы оқиғалармен кезең-кезеңімен таныстыратын болады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: