«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік жиһаз фабрикасы Астанадағы үздік тауарлар байқауына қатысады

2018 жылғы 09 Тамыз
- Ақтөбе облысы
2805 просмотров

Жақында ғана қаламызда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өткені белгілі. Байқауда жеңімпаз атанған 9 компания байқаудың Астанада болатын қорытынды турына қатысуға дайындық үстінде. Олардың арасында жұмыс жасағандарына 1 жылдан жаңа асқан «Ақсу» жиһаз компаниясы да бар.

Бұған дейін «Ақсу» ЖШС өз тауарларын өзге елдерде шығарып келген. Осы уақыт аралығында олардың жиһазына Қазақстанның қалаларынан сұраныс жиі түсіп тұрған екен. Бизнес ашу үшін компания Қазақстандағы эконмикасы қарқынды дамып келе жатқан өңір ретінде Ақтөбені әдейі таңдапты. Өндіріс орны бұл күндері аймақтың жиһаз нарығынан өз орынын тауып үлгерді. Фабриканың ерекше стильдегі, түрлі түсті матадан, табиғи материалдардан жасалған үй және кеңселерге арналған жабдықтарын қала мейрамханалары мен қонақүй сынды орындардан жиі кездестіруге болады. Жиһаздың дизайны бірден көзге түседі және қайталанбайды, клиент берген өлшеммен, қалауымен жасалады, бағасы да қымбат емес. Жиһазға деген сұраныс бірте-бірте ұлғайып келеді. Бүгінде фабрика қаламыздағы индустриалды аймақта жаңа ғимарат салып жатыр.

«Таңдаудан қателеспедік. Ақтөбе бизнес жүргізуге қолайлы өңір екен. Жергілікті билік тарапынан да, Кәсіпкерлер палатасынан да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жиһаздарымызға сұраныс көбейіп келеді. Алайда біз мұнымен тоқтап қалғымыз келмейді. Қазақстанның барлық қалаларында бөлімшелерімізді ашсақ деген ойымыз бар», – дейді «Ақсу» фабрикасының басшысы Огузхан Ағаұғлы.

Компанияның «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінен жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алуы олардың еліміздің түкпір-түкпіріне жылдам танылуына мүмкіндік береді. Өндіріс орны Кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі ұйымдастырған көрмелер мен байқаулардан да тыс қалмауға тырысады. Жақында ғана олар жергілікті тауар өндірушілерге арналып өткізілген ERG компаниясының ашық есік күндерінде болып, бірнеше серіктестік келісім-шарт жасаудың сәті түсіпті. Сонымен қатар фабрика басшысы құрылыс компаниялармен бірігіп ұйымдастырылған отандық көрмелерге қатысып, өндіріске қажетті құралдарды төмен бағамен сатып алуға тырысады.

«Ақсу» фабрикасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытын ұстанады. Биыл қарамағына жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы 32 адамды жұмысқа алған. Мұнда каникул кездерінде оқушылар да жұмыс істейді. Балалар жаз мезгілінде оқушылардың бос уақыттарын қамту мақсатында арнайы ұйымдастырылған бағдарлама бойынша орталықтан жіберілген. Компанияның жиһаз жасау станоктары Түркиядан әкелініпті. Жергілікті мамандар осы технологиямен жиһаз құрастырудың қыр-сырын үйреніп жатыр. Болашақта олардың осыған ұқсас өз кәсібін ашуына зор мүмкіндік бар.

«Ақсу» жиһаз фабрикасының басшысының айтуынша, олардың ерекше үлгімен шығаратын тауарларына өңірде тең келетін жиһаз жоқ. Мінсіз сапа, әсем дизайн, қайталанбас стиль – «Ақсу» жиһаз фабрикасының басты көрсеткіштері. Олардың Ақтөбе облысы бойынша ең үздік тауар аталымында жеңіске жетуінің сыры да осы. Ақтөбеде жасалынған үздік жиһаздың Астанада да озық шығатынына сенім білдіріп, сәттілік тілейміз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер