«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Прокурорлық тәжірибе күллі елге таратылады

2015 жылғы 01 Шілде
- Ақтөбе облысы
10185 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі Жедел штабтар әрбір өңірде құрылуға тиіс

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен өңір прокуратурасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі штабының бірлескен отырысы барысында осындай ұсыныс айтылды.

2015 жылдың басында Ақтөбе облысы прокуратурасы кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі штаб құрған болатын. Аталмыш штаб өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен тығыз әрекеттестік орнатқан.

Ақтөбе облысы прокуратура басқармасының бастығы Есентұра Қадыровтың айтуынша, осы жылдың басынан бері Штабқа 34 дабыл белгісі келіп түскен. Оның ішінде 17-сі тексеріс кезінде расталған. Мобильдік топтың жедел жауап қатуымен 18 кәсіпкердің құқығын бұзуға жол берілмеді. 15 тұлға жауапкершілікке тартылып, 3 қылмыстық іс қозғалған.

«Штаб қызметкерлері ведомство аралық ақпараттық-талдау деректер базасына тұрақты түрде кіре алады. Бұл қажет ақпаратты алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, мемлекеттік орган өзін негізсіз түрде тексеріп жатыр не болмаса шотына заңсыз түрде тыйым салынды деп есептейтін кәсіпкер жүгінеді. Деректер базасы бойынша, ешқайда бармастан, сол жерде оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр ма, жоқ па, соттың төлету туралы актісін анықтап алуға болады. Ал мұндай материалдарды жалпы тәртіпте тек мемлекеттік органға сәйкес сұрау жасағаннан кейін ғана алуға болады», - деп таныстырды жобаны басқарма бастығы.

Облыс прокуратурасы Штаб жұмысын тиімді ету үшін экология, мемлекеттік табыс, тұтынушылар құқығын қорғау, әділет департаменттерімен, табиғи ресурстар басқармасымен меморандумдар жасасқан.

«Олардан жедел режимде мәлімет ала отырып, мысалы, тыйым салу-шектеу сипатындағы шараның қабылдану негізділігі мен заңдылығын бірден талдаймыз. Штаб жұмыс жасаған уақытта мемлекеттік табыс департаменті желісі бойынша Салық кодексімен белгіленген қарызды жабу туралы хабарлама алған күннен бастап 15 күндік мерзімді сақтаусыз касса бойынша шығыс операцияларды тоқтатудың 1800-ден астам дерегін анықтадық. Сонымен қатар кәсіпкерлер мүлкінен шектеуді алып тастауды уақытында жүргізбеудің 56 дерегі анықталды. Құқық қорғау органдары 2013 жылдан бері кәсіпкерлердің жылжымайтын мүлкіне 372 рет тыйым салып, оның ішінен бүгінде 28 әлі күшін жоймаған деректер де кездеседі. Осылайша, құрылған мониторинг жүйесі кәсіпкерлер құқығын бұзудың ерте сатысында жол бермеуге мүмкіндік береді», - деп баса айтты Есентұр Қадыров.

ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес Төрағасы Ғани Қасымов берілген ақпаратқа ризашылығын білдірді.

«Алдын алу сипатында айтарлықтай тиімді шаралар қолданыпсыздар. Бизнеске қатысты заңсыз әрекеттерді анықтау, тоқтату және жол бермеу бойынша мүмкіндіктер баршылық. Барлық облыстық прокуратуралар осы тәжірибеден үлгі алу керек деп есептейміз», - деп баса айтты Ғани Қасымов.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов Ғани Қасымовтың бастамасына қолдау көрсетіп, ҚР Бас прокуратурасына жобаны күллі республика бойынша енгізу қажеттігі жайлы хатпен жүгінуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер